Түркістан облысында жол апатынан екі адам көз жұмды
Жол-көлік оқиғаларының мән-жайы анықталып жатыр
Демалыс күндері Түркістан облысының аумағында екі жол апаты болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.
«19 желтоқсан күні сағат 10:35 шамасында кезекші бөлімге Ордабасы ауданында Шымкент-Самара тасжолының 125-шақырымында жол-көлік оқиғасы болғаны туралы хабарлама келіп түсті. Жүк көлігі аударылып, салдарынан «фураның» жүргізушісі алған жарақатынан көз жұмды. Оқиға орнына полиция мен ТЖД қызметкерлері келді», - деп жазылған ақпаратта.
Сол күні Ескі Иқан ауылы жанында Шымкент-Түркістан тасжолы бойында «ДАФ» жүк көлігінің жүргізушісі көктайғақ салдарынан рульді басқара алмай, автокөлік аударылған. Аталмыш жол-көлік оқиғасы салдарынан бұл жүк көлігінің жүргізушісі де оқиға орнында алған дене жарақатынан көз жұмды. Аталған жайттар ҚР ҚК 345-бабы бойынша тіркелді. Тергеушілер жол-көлік оқиғаларының мән-жайын анықтап жатыр.