$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
21.12.2020, 13:11
Оқиғалар

Алматы қаласында қоймаға қарақшылық шабуыл жасаған төртеу ұсталды

Күдіктілердің бірі тоналған компанияда экспедитор болып істейді екен

Алматы қаласында қоймаға қарақшылық шабуыл жасаған төртеу ұсталды
фото: polisia.kz

Қарақшылар түнгі сағат 23:00-де «Ақжар» шағынауданында орналасқан опа-далап қоймасына шабуыл жасаған. Наурызбай аудандық Полиция басқармасының бастығы Дидар Ахановтың айтуынша, олар өздерін күзет компаниясынан келген тексерушілер ретінде таныстырып, ішке енген.

«Есікті ашқан күзетшіге күш көрсетіп, күдіктілер бірден ішінде сегіз миллион теңгесі бар сейфке беттеген. Олар ғимараттың есігін ашып, ақшадан басқа, декоративті косметика салынған бірнеше қорапты алып кеткен. Күзетші күдіктілер оқиға орнынан кетіп қалғаннан кейін дабыл соққан. Аталған факт сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабының 4-бөлігі (қарақшылық) бойынша тіркелді. Кешенді шаралар нәтижесінде күдіктілер анықталып, қамауға алынды. Олардың үшеуі Алматы облысының, ал біреуі Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны. Топтың ең үлкен мүшесі 32 жаста, ең кішісі 20 жаста. Бұрын олардың ешқайсысы қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған», – деді ол.

Күдіктілер ұрланған сейфті сенімді жерге жасырып, оны екі күннен соң алып кетуге келіскен.

«Біз кездесу уақыты мен орны туралы білдік. Айтпақшы, ұсталғандардың бірі осы компанияда экспедитор болып жұмыс істейді. Ол достарын компанияның кірісі туралы білгеннен кейін осында алып келген. Сондықтан оларға күзетшіні алдау қиынға соқпаған. Ұсталғандар қазір қамауда. Заттай айғақтар тәркіленді. Тергеу жалғасуда», – деп түйіндеді Дидар Аханов.

Серіктес жаңалықтары