Дәретханадан Қытай экспанcиясына дейін: Даниал Ахметов журналистерге неге шүйлікті?
Шығыс Қазақстан облысының әкімі журналистерге маңызды мәселе қозғамайды деп, тікелей эфирде реніш білдірді.
Ахметовтың айтуынша Шығыс Қазақстан облысындағы алтын кен орындарын тек қана қытайлықтар қазып жатыр деген қауесет тарағанда, бірде-бір журналист нақты ақпарат жазбаған.
«Мысалы біздің облысымыз туралы айтсақ. Интернетте Күршім ауданында қытайлар толып жүр деген ақпарат шықты. Бірақ, бір қытайлық жоқ. Сіз осы мәселені неге көтермейсіз? Дәретхана туралы айтып тұрсыз. Сонда мына өтірік, арандатушыларға неге қарсы сөз айтпайсыз?», - деді әкім.
Айта кетейік, Azattyq Rýhy порталында жарияланған «Даниал Ахметов жағымды имиджге жарты миллиард теңге жұмсамақ» деген материалда облыстық бюджеттен «әлеуметтік желіні дамытуға, соның ішінде, блогерлерді тартуға 130 млн теңге бөлінгені жазылған. Бірақ, кейін Ахметовтің өзі бұл цифрді жоққа шығарып, дұрыс мәлімет жібереміз деген. Алайда, редакция әкімнің жауабын алған жоқ-тын. Брифинг кезінде баспасөз хатшысы блогерлерге нақты қанша қаражат жұмсалғаны туралы мәліметті ұсынды. Онда желі белсенділеріне 6,1 млн теңге бөлінгені айтылады.
Айта кетейік, бүгін ШҚО әкімі Нұр-Сұлтанға келіп, өңірдің даму барысы жайында есеп берді.