Даниал Ахметов «блогерлерге миллиондап қаржы бөлінді» деген ақпаратты жоққа шығарды
ШҚО әкімі Ішкі саясат басқармасының берген мәліметі өтірік деді
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Azattyq Rýhy журналистерінің қойған сұрағына жауап бере отырып, облыстық ішкі саясат басқармасының бізге берген мәліметі өтірік дейді.
Айта кетейік, редакцияның ресми сауалына жауап берген Шығыс Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасы биыл бюджеттен мемлекеттік ақпараттық саясатқа 500 миллионнан астам теңге бөлінгенін, соның ішінде, 130 миллион теңге блогерлер мен әлеуметтік желіні дамытуға бөлгенін хабарлаған болатын.
«Сіздердегі ақпарат мүлде теріс. Сондықтан, мен сіздерге хат түрінде жауап беруге дайынмын. Дәл қазір ақпараттық саясатқа қанша қаржы бөлінгені есімде жоқ», - дейді Ахметов.
Осылайша, Даниал Ахметовтің қол астындағылар Azattyq Rýhy-на жалған ақпарат берген болып шықты.
Әкім көмекшілеріне біздің сауалымызға өте қысқа мерзімде хат түрінде жауап беруді тапсырды.