Жамбыл облысында картоп фриін шығаратын фабрика ашылмақ
Бұл жоба 145 миллион долларға бағаланды
Қазақстан премьер-министрі Асқар Мамин Нидерландқа ресми сапармен барды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.
Ол бұл елдің премьер-министрі Марк Рюттемен келіссөздер жүргізді, сондай-ақ Қазақстан‒Нидерланд бизнес-форумының ашылуына қатысты. Нәтижесінде түрлі салаларда екі ел арасында ынтымақтасу жөнінде бірнеше құжатқа қол қойылды. Жақында қос тарап бірлесіп ғарыш зерттеулерін жүргізуге кіріседі. Сондай-ақ Жамбыл облысында фри картобын шығаратын фабрика ашылмақ. Бұл жоба 145 миллион долларға бағаланды.
«Қазақстанның оңтүстігінде мұздатылған фри картобы мен басқа да өнімдерді дайындайтын фабрика құрмақпыз. Бұл жобаны аймақтың жоғары әлеуетіне байланысты қолға алып отырмыз. Жалпы елдеріңіз шетел инвесторларын тарту мәселесінде өте мықты және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде әлеуеті өте жоғары», - деді «Farm Frites Kazakhstan» компаниясының бас директоры Жоз Ден Боер.
Қазақстан делегациясының Нидерландының ірі компания өкілдерімен кездесуінде тараптар энергетика, деректерді өңдеу және блокчейн-технологиялармен бірлесіп жұмыс істеуге келісті.