Даниал Ахметов жағымды имидж үшін жарты миллиард теңге жұмсамақ

ШҚО әкімдігі атқарған жұмыстарын БАҚ беттерінде және әлеуметтік желіде насихаттау үшін бюджеттен қанша миллион жұмсағанын назарларыңызға ұсынамыз

Даниал Ахметов жағымды имидж үшін жарты миллиард теңге жұмсамақ

Жақсы имидж үшін – жарты миллиард

Шығыс Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасы «Azattyq Rýhy» порталының ресми сауалына жауап бере отырып, биыл БАҚ-тарға жарнамалық материал жаздыру үшін облыстық бюджеттен қанша қаражат бөлінгенін айтты.

«2019 жылы электронды және баспа бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыру үшін жергілікті бюджеттен 576 780 500 теңге бөлінген», - деп жауап берді Ішкі саясат басқармасы.

Шығыс Қазақстан облысын бес жылдан бері басқарып келе жатқан Даниал Ахметов осылайша өз аймағының жақсы имиджі үшін облыстық бюджеттен жарты миллиард теңге бөліп отыр. Және бұл тек бір жылдық жарнамалық науқанның бюджеті. 

Дәстүрлі және дәстүрлі емес БАҚ-тардағы мемлекеттік саясатты әкімнің көмекшілері емес, ішкі саясат басқармасы бақылайды. Биыл облыс әкімдігі 11 телеарна, 11 сайт, 2 ақпарат агенттігі, 3 желілік БАҚ, 25 газетпен барлығы 42 келісімшарт жасасқан.

Әлеуметтік желіге 130 млн теңге бөлінген

Жыл басынан бері қазақстандық блогерлер #АбайдыңЖолымен, #РухтыАлтай, #блогтур хэштегтерін қарша боратып жүр. Бәлкім, бұл блогерлерге де қыруар қаржы бөлініп отырғандықтан шығар...

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік органдарға әлеуметтік желіде белсенді жұмыс істеп, халықпен кері байланыс орнатуды тапсырған болатын. Әлеуметтік желіде, соның ішінде, блогерлерді тарта отырып, осы тапсырманы сапалы орындау үшін, сондай-ақ, халықпен тиімді кері байланыс орнату үшін жергілікті бюджеттен 130 000 000 теңге бөлінген», - деп жауап берді облыстың ішкі саясат басқармасы біздің сауалға.

Блогтурға қатысушылар Семей мен Өскемен қалалары, табиғаты таңдай қақтыратын Қатон-Қарағай ауданындағы тарихи әрі көрікті орындарды аралап, пост жариялайды. Семейде - Абай Құнанбайұлының туған жері, атақты Еңлік-Кебек романында сөз болған тарихи орындар, Өскеменде - бұқтырма, бір сөзбен айтсақ, блогерлер тапсырыс аясында #шығыстыңкиеліжерлерін түгел түгендеп келеді.  

Бұл бер жағы. Тамыз айында Шығыс Қазақстан облысы туризм және сыртқы байланыстар басқармасы «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясымен бірге, Қытайдан да тревел-блогерлерді шақырғаны белгілі.

Шетелдік блогерлер ол кезде Қатон-Қарағайдың ғана емес, әлемдегі құпия орындардың бірі – Рахман қайнарына, Берел ауылына, Бұқтырма су қоймасы мен Алтай тауларына барған.

Жалпы, Президенттің әлеуметтік желіге қатысты тапсырмасын облыс басшылығы да бұлжытпай орындап отыр. Мәселен, Даниал Ахметовтің қазір инстаграм аккаунтында 23 мың оқырманы бар.

Облыс орталығының басшысы Жақсылық Омар да тікелей басшысынан қалыспай, 20 мың оқырман жинап алған. Жақсылық Омар "Фэйсбукте" де  ұзын хабарламалар жазып, халыққа әлеуметтік желі арқылы жақындай түспек.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.