«Аққа Құдай жақ!»: СІМ қазақ елшісінің қабылдауға ақ киіммен баруын түсіндірді
Бүгін Доминикан Республикасындағы Қазақстанның төтенше және өкілетті елшісі Андриан Елемесов сол елдің президенті Данило Медина Санческе сенім грамотасын тапсырды
Бір қызығы, рәсімге Доминикананың президенті де, Сыртқы істер министрі де бірыңғай ақ киіммен келген. Бұлардың қатарында қазақ елшісі Андриан Елемесов те бар.
«Бұл протокол тәртібі. Доминикан - тропикалық ел, ақ түс елдің туында да бейнелеген. Ол – бір мақсатқа жұмылған халық бірлігін көрсетеді», - деді еліміздің Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.
Ал дипломат неге ұлттық киім кимеген деген сауалымызға ресми өкіл: «Ұлттық киім ресми түрде бекітілмеген, әркім өз қалауымен киінеді» деп жауап берді.
Кариб теңізі жағалауындағы Доминикан Қазақстанмен туризмді дамытып, визалық тәртіпті жою туралы келісімге қол қоюды жоспарлап отыр. Доминикан президенті Д.Медина Санчес әріптесі Қасым-Жомарт Тоқаевқа сәлемін жолдап, елшінің жаңа қызметіне табыс тіледі.
Ербол Ертөре, Нұр-Сұлтан