Қапшағай күннен қуат алады
«Kazakh Invest» ұлттық компаниясының дерегінше биыл Алматы облысында 34 жоба жүзеге асырылып жатыр
Ұлттық компанияның Алматы облысы бойынша аймақтық өкілінің айтуынша, қазір reіnvest, яғни жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар үшін қосымша инвестициялар тарту маңызды. Осы бағытта бірнеше жоба жүзеге асырылып жатыр. Лукойл Лубрикантс Орталық Азия майлау материалдарын өндіретін зауыт. Қазақстанда көмірсутегі секторына 94 миллион доллар инвестиция салған Ресейлік «Лукойл» мұнай компаниясы әлемде баламасы жоқ зауыттың құрлысын үш жыл салды. Осы күзде Алматы облысы Іле ауданында ашылған өндіріс орны жылына 100 мың тонна май өнімдерін шығаратын болады. Қазақстандық өнім өз елімізден тыс бірнеше Азия елдеріне, Орталық Азия елдері мен Моңғолия және Ауғанстанға экспортталады. «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының ақпаратынша, жобаға 94 миллион АҚШ доллары өклемінде инвестиция тартылған.
«Дәл Қазір Алматы облысы бойынша біздің мониторингтік жүйеде 34 жоба бақылауда тұр. Яғни біз инвестор белгілі бір жобаға қызығушылық танытқан сәттен бастап, оның іске қосылып, жұмыс істеп кеткеннен кейін де тығыз байланыста боламыз. Инвестиция тарту көрсеткіші жыл сайын 30 пайызға дейін артып отыр. Әр жоба үш деңгейлі жүйемен бақылауға алынады. Яғни шетелдік өкілдіктеріміз инвесторды табады, сосын оның Қазақстанға келуін ұйымдастырады және жобаға қажетті жер телімі мен рұқсат беру құжаттарына көмектеседі»,- дейді Дарья Овсянникова.
Фото. Лукойл Лубрикантс Орталық Азия майлау материалдарын өндіретін зауыт
Алматы облысындағы тағы бір үлкен жоба Қапшағай қаласындағы «Eneverse Kunkuat» компаниясына қарасты «Nurǵısa 100 МВт Solar Park Qapshaǵaı» күн электр стансасы. Оның 100 мегаваттық 1-ші кезегі биыл қыркүйек айында іске қосылды. Жобаның құны 28 млрд. теңге. Оның 10,4 млрд теңгесін жеке инвесторлар салған. Кәсіпорынның іске қосылуына жергілікті атқарушы билік «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы арқылы облыстық бюджеттен 233 млн теңге бөлген.
«Дәл осы жобаның екінші кезеңі қуаты 50 мегаватт болатын күннен энергия алатын кешен Іле ауданында салынып жатыр. Нақты осы күннен энергия алатын жобаларға инвесторлар қызығушылығы жоғары. Қазір елдіміздің барлық аймақтарында бұл бағытта жобалар бар. Ал Алматы облысында агроөндіріс кешендері, географиялық жағдайынының қолайлығына байланысты логистикалық бизнеске арналған жобалар шетелдік инвесторларға қызық»,- дейді Дарья Овсянникова.
Облыста биыл жыл соңына дейін Біріккен Араб Әмірліктерінің «Феникс Фид Миллс» компаниясының құрама жем шығаратын зауыты іске қосылады. Былтыр жылдам даярланатын тағам өндіретін «Маревен Фуд» компаниясы кәсіпорын ашты. Осы аптада Нұр-Сұлтан қаласында арнайы баспасөз мәслихатын өткізген аймақ басшысы құны 860 млн АҚШ долларына бағаланған инвестициялық жобаларға қол қойылғанын мәлімдеді. Алматы облысында осы уақытқа дейін 4,9 трлн теңгеге бағаланған 421 жоба іске қосылған. Онда 4 мың жұмыс орны ашылыпты.