ШұғылҚазақстанда тағы 716 адамнан коронавирус анықталды

Демалыс күндері ауа райы қандай болады – синоптиктер

23-25 қараша күндері аяз аздап басылғанымен, ауа температурасы біршама салқын болады

«Қазгидромет» алдағы демалыс күндеріне арналған ауа райы болжамын жария етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Синоптиктер 21-22 қараша аралығы климаттық қыстың басы болып саналатынын, дегенмен, республиканың солтүстік, орталық және шығыс өңірлерінде қыс қатты аязбен басталып, оңтүстік облыстарға да тарағанын айтады.

Алдағы демалыс күндері солтүстік теңіздерден суық және дымқыл ауаның ығысуы жалғасады. Сондықтан республиканың басым бөлігінде ауа райы бұлтты болады, кей жерлерде қар, бұрқасын, солтүстік-шығыстан екпінді жел соғады.

Мамандардың айтуынша, аяз бәсеңдей бастағанымен, ауа температурасы біршама салқын қалыпта тұратын болады.

Еліміздің ірі қалаларындағы ауа райына тоқтала кетсек, Нұр-Сұлтанда 23 қарашада күн бұлтты, түнде ауа температурасы -17°C, күндіз -11°C болса, ал 24 қарашада күндіз бұлтты, қар жауады, түнде -18°C, күндіз -9°C болады. 25 қарашада күн бұлтты, аздап қар жауады, түнде -7°C, күндіз -5°C болады.

Алматыда 23 қарашада күн ашық, түнде -6°C, күндіз +3°C болса, 24 қарашада күн бұлтты, аздап қар жауады, түнде -2°C, күндіз +1°C болады. Ал 25 қарашада күн бұлтты, аздап қар түседі, түнде -1°C, күндіз -2°C-қа дейін төмендейді.

Шымкентте 23 қарашада күн бұлтты, ауа температурасы түнде 0°C, күндіз +4°C болады. 24 қараша күні күн бұлтты, күндіз аздап жаңбыр жуады, түнде -1°C, күндіз +3°C болса, 25 қарашада күн алабұлтты, қар түседі, түнде -4°C, күндіз -2°C болады.