ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 1 480 адам коронавирус жұқтырды

Алматы облысында тағы бір ауыл карантинге жабылды

Шонжы ауылының 21 тұрғынынан коронавирус анықталған

Ұйғыр ауданы, Шонжы ауылы

Ұйғыр ауданының орталығы саналатын Шонжы ауылы карантинге жабылды. Шонжы ауылының кіреберісінде 4 жерден блок-бекет қойылды, деп хабарлайды Аzattyq Ruhy тілшісі.

Бұған аудан орталығындағы коронавирус жұқтырғандар санының күрт артуы себеп болған. Бүгінде Шонжы ауылының 21 тұрғынынан вирус анықталған. Олармен қарым-қатынаста болғандар үй жағдайында оқшауланып, індет ошағы залалсыздандырылды. Эпидемиологиялық жағдайдың өршуіне байланысты әкімшілік аумақ бақылауға алынды. Тәртіп сақшылары мен дәрігерлер жолаушылардың дене қызуын тексеріп, сауалнама, түсіндірме жұмыстарын жүргізеді.

«Коронавирус инфекциясы таралуының алдын алу және аудан тұрғындарының өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында аудан орталығы Шонжы ауылының кіреберіс жерлеріне 4 блок-бекет қойылып, жұмысын бастады. Аудан аумағында орналасқан ыстық су көздері мен демалыс орындары жұмысын барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып жалғастырады», - деп хабарлады Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Ауданда 65 мыңға жуық адам тұрады, жергілікті әкімдікке қарасты 25 елдімекен бар. Алматыдан 214 шақырым қашықтықта жатқан Шонжы арқылы Қалжат- Қытай бағытындағы халықаралық автомобиль жолы өтеді.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы