Осы аптада Қазақстанда күн суытады
Қарашаның 19-21 күндері кей жерлерде қар, бұрқасын, қатты екпінді жел күтіледі

Карск теңізінің арктикалық ауа массаларында антициклон қалыптасып, оңтүстік-батыс бағытында жылжып, 21 қарашада Ресейдің Еуропалық территориясының орталығына дейін жетеді, деп хабарлайды «Қазгидромет» РМК.
Антициклонның шығыс перифериясы бойынша Қазақстанға Батыс Сібір арқылы арктикалық теңізден өте суық ауа массасы келіп, республиканың басым аймақтарында айтарлықтай күн суытады.
Солтүстік, орталық және шығыс облыстарында ауа температурасының 28…33° аязға дейін төмендеуі мүмкін. Сондай-ақ кей жерлерде қар, бұрқасын, қатты екпінді жел күтіледі.
Сонымен қатар батыс, оңтүстік және оңтүстік-шығыс облыстарының кей жерлерінде қар, көктайғақ, тұман күтіледі. Мұнда сондай-ақ, түнде минус 7…15°С-қа дейін, қиыр оңтүстікте минус 3…8°С-қа дейін суытады.