Азық-түліктің қымбаттауына жол берген министрлер мен әкімдер жауапқа тартылады
Бағаны ырықтай алмаған үш министр мен 8 әкім жазаланады
Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Асқар Мамин әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын тұрақтандыра алмаған тиісті ведомстволар вице-министрлері мен әкім орынбасарларын жауапқа тартуға тапсырма берді.
«Премьер-министр кеңсесі үш күн ішінде азық-түлік тауарлары бағасына жауап беретін ауыл шаруашылығы, ұлттық экономика, сауда және интергация министрлерін тәртіптік жауаркершілікке тарту туралы менің атыма ұсыныс енгізсін. Шымкент, Қызылорда, Түркістан, Алматы, Көкшетау, Петропавл, Ақтөбе, Тараз, Жамбыл өңірлері әкімдерінің орынбасарларын белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартып, Үкіметті хабардар етсін», - деді А.Мамин.
Сонымен бірге Үкімет басшысы вице-премьер Роман Склярға 1 апта ішінде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру бойынша нақты шаралар әзірлеуді бұйырды.
А. Маминның айтуынша, жыл басынан бері барлық өңірлерде әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасы 15%-ға пайызға қымбаттаған. Ең жоғары баға келесі тауарлар бойынша байқалады: қарақұмық – 62,9%, күріш – 30,3, ұн – 27%-ға қымбаттаған.
Баға Шымкент және Қызылорда қалаларында шарықтаған. Аталған өңірлерде әлеуметтік маңызы бар 19 тауардың 7-нің бағасы өскен.
Еске салайық, өткен аптада Ақмола облысына жұмыс сапарына барған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев азық-түлік бағасына бақылаудың жоқтығын айтқан еді.
«Әкімдер, өз кезегінде, бұл жұмысты өз бетімен жіберген. Тұрақтандыру қорлары азық-түлік тауарларының нарығына ешқандай тұрақтандыру әсерін тигізіп отырған жоқ. Бағаның межелі деңгейі бақылауға алынбаған. Менің тапсырмам орындалған жоқ», - деді мемлекет басшысы.
Бұдан бұрын, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев қымбатшылық инфляцияға кері әсерін тигізіп жатыр деген болатын.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан