$ 510.78  576.06  6.35
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
18.11.2019, 12:43
Жаңалықтар

Алматыда дәстүрлі Мәуліт кеші өтті

Мәуліт мейрамы Сирия, Алжир, Тунис, Марокко және басқа да мұсылман елдерінде кеңінен аталып өтеді

Алматыда дәстүрлі Мәуліт кеші өтті
Фото: muftyat.kz

ҚМДБ-ның ұйымдастыруымен Алматыда адамзаттың асылы Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с.) туған айына арналған «Әз Пайғамбар хақ жолы» атты Мәуліт кеші өтті. Биыл да Мәуліт жыры тұтастай қазақша орындалуымен ерекшеленді. 

Бас мүфти Серікбай қажы Ораз өз сөзінде Пайғамбарымыздың Мәуліт айымен Алматы жұртшылығын құттықтап, Алла елшісінің дүниеге келіп, ғаламды нұрға бөлеуі – артына ерген үмбеті үшін үлкен қуаныш екенін айтты. 

«Осында келген барша қауым Алланың рақымынан үмітті, барша жамағат Пайғамбардың шапағатынан үмітті. Алла разы болсын, Мәуліт кеші мүбәрак болсын! Бүгін Мәулеттің ерекшелігі - мазмұны мен мағынасы бөлек. Өйткені, алдыңғы жылы мәуліт оқушылар Пайғамбарымыздың дүниеге келгенге дейінгі кезеңін қамтыды, өткен жылы Пайғамбардың дүниеге келгеннен соңғы, яғни  Уақи келгенге дейінгі уақытты қамтыды. Бүгінгі мәулітте сол Уақи келген күннен бергі Пайғамбардың Меккеден Мәдинеге хижрат жасаған уақытты қамтыған мазмұнды кеш жасап отыр. Осында келген барша қауымның қадамына Алланың нұры жаусын!»,- деді Бас мүфти.

Бірнеше сағатқа созылған кеште өнер жұлдыздары ән орындап, «Өнер қырандары» әзіл-сықақ театры мағыналы қойылымдарын ел назарына ұсынды.   

Қазіргі таңда мәуліт мейрамы Сирия, Алжир, Тунис, Марокко және басқа да мұсылман елдерінде кеңінен аталып өтеді. Пәкістанда пайғамбарымыздың (с.ғ.с) туған күні үш күн бойы тойланатын ресми мереке саналады. Azan.kz сайты Мәуліт кешінің тікелей эфирден көрсетті. Оның толық нұқасын «Youtube» желісінен көруге болады.

Ақпарат үшін:

Мәуліт – араб сөзі, қазақша «туған күн» деген мағына береді. Алла Тағаланың ең сүйікті пендесі, Адамның (ғ.с.) Иса (ғ.с.) пайғамбарға дейінгі Алла тағала елшілерінің соңғысы әрі сардары Мұхаммедтің (с.ғ.с.) дүниеге келуінің құрметіне ол айға осы атау берілген.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Құрайыш тайпасынан, оның ішіндегі Бани һашим әулетінен шыққан. Туған жері – Алла Тағаланың нұры жауып тұратын Мекке қаласы. Әкесінің аты Абдуллах, оның әкесі Әбдүлмүттәліп, оның әкесі Һашим, оның әкесі Абдулманап. Анасының есімі Әмина.

Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) ата-анасынан ерте айырылды. Әкесі перзенті өмірге келмей тұрғанда дүние салса, алты жасқа толғанда анасы қайтыс болады. Мұхаммед (с.ғ.с.) Исадан (ғ.с.) милади жыл санауы бойынша 571 жыл кейін, 20 сәуірде, һижри санауы бойынша Рабиул-әууал айының 12-сі, дүйсенбі күні дүниеге келген.

Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) дүние есігін ашқанда, ғаламда ғажап оқиғалар болған деседі. Дүние нұрға бөленген. Анасы Әмина әйелдер әдеті бойынша толғақ қысу, қан кетуге ұқсас қиыншылықтарды көрмеген. Пайғамбарымыз туғанда үстінен жұпар иіс аңқып тұрған.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары