Қытай билігінің мұсылман лагерлеріне қатысты құпия құжаттары жария болды
Құжаттар ішінде Қытай компартиясының Бас хатшысы Си Цзиньпиннің бұйрықтары да бар

The New York Times басылымы Қытай Коммунистік партиясының 400 беттен тұратын құпия құжаттарын жария етті деп хабарлайды Lenta.ru. Аталған құжаттар ішінде Шыңжаң-ұйғыр автономиясындағы мұсылмандарды тәрбиелеуге қатысты да мәліметтер бар.
Газет қызметкерлері құпия құжаттарды нақты қандай жолмен қолға түсіргенін көрсетпеген, тек Қытай билігіндегі сенімді адамдардан алғанын көрсетіпті.
Компартия басшылары жергілікті билік өкілдеріне мұсылмандардың тәрбиесіне қатысты ақыл-кеңестерін жазбаша жолдап отырған. Мәселен, онда жоғалған азаматтардың (лагерлерге жабылған мұсылмандар) туыстарына қандай жауап айту керектігі нақты көрсетіліпті. Яғни, бауырына іздеу салған мұсылманға «ол үкімет ұйымдастырған арнайы мектепте, мектептен өз еркімен шығып кете алмайды» деп қысқа қайыру керек екен. Сондай-ақ, қамалған адамның отбасына «егер ол оқуды соңына дейін аяқтамаса діни экстремизмнің қаупін сезінбеуі мүмкін» деп, оның нақты қашан босатылатынын айтпауы керек.
Құпия құжаттарда Бас хатшы Си Цзиньпиннің және компартияның Шыңжаң-ұйғыр автономиясындағы бірінші хатшысы Чэнь Цюаньгоның жеке бұйрықтары да бар. Олардың алғашқысы 2014 жылғы террактілерден кейін көтерілісшілерді аяусыз басып-жаншуды бұйырса, екіншісі күдік туғызған кез-келген адамды ұстауды тапсырған.
Айта кетейік, биыл қыркүйекте белгілі болғандай, Қытай билігі елдегі мешіттерді біртіндеп жаба бастады. Хэнэнь, Ганьсу провинциялары мен Ішкі Моңғолия ауданында мешіттер қиратылды.
2018 жылдың тамыз айында БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комиссиясы Шыңжаңда кемі 1 миллион мұсылман қамауда екенін мәлімдеген болатын. «Тәрбие лагеріне» түскен адамдар компартияның идеясын жаттап, революциялық әндер шырқайды.