Түркістанда ұрылар су құбырының қақпақтарын ұрлап, ақша тапқан
Әрқайсысының құны 13 мың теңге болатын қақпақтар үшін жәбірленуші мекемеге 1 миллион теңгеден астам шығын келтірілген
Сайрам аудандық полиция бөліміне белгілі фирма басшысынан арыз түскен. Онда мекемеге тиесілі 80 дана су құбырының қақпақтарын 1 айға жуық уақыт ішінде белгісіз тұлғалар ұрлап кеткенін көрсеткен, деп жазады Azattyq Rýhy тілшісі ktk.kz-ке сілтеме жасап.
Әрқайсысының құны 13 000 теңге болатын қақпақтар үшін жәбірленуші мекемеге 1 миллион теңгеден астам шығын келтірілген .
Мүлік ұрлығын ашу мақсатында Сайрам АПБ криминалды полиция бөлімі, жергілікті полиция қызметі, учаскелік полиция инспекторлары қызметкерлерінен арнайы топ құрылып, олар шұғыл іске кірісті. Жедел-іздестіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, күдіктілердің екеуі ұсталды. Үшіншісі іздестірілуде.
Күдіктілер жергілікті тұрғындар болып шықты. Тергеу барысында күдіктілердің біреуі қамауға алынып, екінші сыбайласынан қолхат алынды. Белгілі болғандай, күдіктілер кез-келген көшедегі су құбырының қақпақтарын ұрлап әкетіп, темір алатын орындарға бөліп-бөліп, сындырып сатып отырған. Ақшасын өз қажеттілігіне жаратқан. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.