Қоластындағы қызметкерінің қылмысы үшін отставкаға кеткен шенеунік жаңа қызметке барды
Бақтияр Өнербаев 4 жылға жуық уақыт Текелі қаласының әкімі болған
21 қыркүйекте отставкаға өтініш берген Алматы облысы Текелі қаласының экс-әкімі Бақтияр Өнербаев жаңа қызметке тағайындалды. Ол Алматы облысы әкімінің Нұр-Сұлтан қаласындағы кеңесшісі болып тағайындалған. Бұл туралы zakon.kz хабарлайды.
4 жылға жуық Текелі әкімі болған Бақтияр Өнербаев өз еркімен отставкаға өтініш бергенін айтқан еді.
«Мен Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» заңына сәйкес, заң үстемдігін құрмет тұтатын азамат ретінде өз еркіммен отставкаға сұранып, өтініш жаздым. Және бүгін облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы отставкамды қабылдады», - деп жазды ол.
Еске сала кетейік, 2020 жылдың 9 шілдесінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік 1,5 млн теңге сомасында пара алып жатқан жерінен ұсталған Текелі қаласы әкімі аппаратының басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады.