«Jas Otan» студенттік жатақханаларды тексеріп жатыр

Мониторинг жұмыстары еліміздің барлық өңірінде жүргізіледі

«Jas Otan» студенттік жатақханаларды тексеріп жатыр

«Jas Otan» жастар қанаты Маңғыстау облыстық филиалының бастамасымен Ақтау қаласы бойынша студенттерге арналған жатақханаларға мониторинг жүргізілді. Негізінен, әлеуметтік нысандардың сапасы, жағдайы, қыс маусымына дайындығы мен жүргізілген құрылыстың нәтижесі қаралды. Тексеру тобының құрамында жастар қанатының белсенділері, Ақтау қалалық мәслихатының депутаттары бар.

Мониторинг алдымен Х.Өзбекқалиев атындағы политехникалық колледждің №5 жатақханасын қараумен басталды. Жатақхана 180 орындық. 2019 жылы мониторинг қорытындысы кезінде аталған ғимаратта олқылықтар анықталып, сын-ескертпелер айтылған еді. Биыл сол ескертпелер қалпына келтірілген.

«Жол картасы аясында жатақхана ағымдағы жөндеуден өтті. Қазіргі таңда барлық студент үшін жағдай жасалды. Студенттер үшін кір жуатын бөлме, дәмхана, асхана, оқу залы, өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы, жуыну бөлмесі бар. Пандемия бітіп, оқу дәстүрлі түрде жалғасатын болса, біз студенттерді қабылдауға дайынбыз», - дейді колледж директоры Зарипа Шолтанова.

Тексерілген келесі нысан – 180 адамға арналған жекеменшік жатақхана. Әр қабатта демалатын орны, ас үйі орналасқан. Студенттердің сабақ оқып, демалуына толық жағдай жасалған. Нысан иесі алдағы уақытта ғимарат алдынан студенттерге арнап спорт залын салуды жоспарлап отыр. Бірақ құжаттары дұрыс емес екен. Нысан иесі жауаптылардан осы мәселені шешіп беруін сұрады.

«Негізі, осы жатақхана айналасындағы жер маған тиісілі. Мен жерді сатып алғанда, жатақхана аумағына кіретін жерді мемлекет жалға беріп қойғанын айтты. Содан соң, өзіме қайтып беріледі деген болатын. Бірақ жалға алған тұлға жерді сатып жіберген. Енді сатып алған тұлға жерді маған бермей отыр. Бұл ғимаратты 3 жыл бұрын несие алып, жөндеу жүргізіп, жатақхана етіп қалыпқа келтіріп алдым. Ғимарат алдындағы жер бос тұр, егер маған берілсе,  оол жерге спорт залын салғым келеді. Осы мәселені шешіп беруін сұраймын», - дейді жеке кәсіпкер Шамшадин Гусейнов.

«Аталған мәселені қарап, «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі шеңберінде мәселенің шешілуіне көмектесетін боламыз. Былтыр өткізілген мониторинг барысында айтылған кемшіліктер қаншалықты түзелгенін бүгін тексеріп жатырмыз. Жатақханаларда барлық жағдай жасалған, санитарлық талаптар сақталған. Мониторинг алдағы уақытта Жаңаөзен қаласында, Қарақия ауданында жалғасады», - деді «Jas Otan» жастар қанаты МОФ төрағасы Н.Мағдатов.

Айта кетер жайт, 2019-2020 оқу жылының басында «Jas Otan» жастар қанаты «Адалдық алаңы» және құзыретті органдармен бірлесіп, еліміз бойынша 270 ЖОО-ның және 375 колледждің жатақханаларын тексерген болатын.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.