ШұғылКоронавирусқа шалдыққан 30 науқастың жағдайы аса ауыр – ДСМ

«Шериф» қызметін меңгеру үшін еліміздің полицейлері АҚШ-қа оқуға аттана ма?

Америкада шериф – белгілі бір мерзімге сайланатын және бақылайтын аумағында заңның сақталуына жауап беретін лауазымды тұлға 

Қазақстанда АҚШ пен Канададағыдай шерифтер пайда болуы мүмкін. Бұл тұрғыда АҚШ елшілігі көмектесуге дайын. 

Қазақстан шерифтері қандай істі жүзеге асырады, жаңа қызмет түрін енгізу үшін арнайы оқу бағдарламалары іске қосыла ма? Ішкі істер министрлігі Azattyq Rýhy тілшісінің сауалына жауап берді.  

«ПОЛИЦИЯ ҚАДАМДЫҚ ҚОЛЖЕТІМДІЛІКТЕ» ҚАҒИДАТЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ 

Мемлекет басшысы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында құқық қорғау саласындағы реформа мәселесін қозғады. Оның ішінде полицияға қажетті басты бағыттарды атап өтті.

Басты бағыттардың бірі – азаматтарға қамқор болып, олардың мәселесін шешу үшін учаскелік инспекторлардың рөлін күшейту, «полиция қадамдық қолжетімділікте» қағидатын қамтамасыз ету және учаскелік полиция инспекторының мәртебесін көтеру. 

УЧАСКЕЛІК ПОЛИЦИЯ ИНСПЕКТОРЛАРЫНЫҢ ШТАТ САНЫ АРТАДЫ

«Мемлекет басшысының жолдауын жүзеге асыру мақсатында казіргі уақытта Ішкі істер министрлігінде Жергілікті полиция қызметін реформалау және учаскелік полиция инспекторларының мәртебесін арттыру бойынша жоспар тағайындалу үстінде. Аталған жоспардың басты бағыттарында учаскелік полиция инспекторларының штат санын көбейту, олардың қызмет етуіне керекті барлық техникалық құралдармен қамтамасыз ету және әлеуметтік жағдайларын жақсарту көзделген»,- дейді Ішкі және сыртқы коммуникациялар департаментінің міндетін атқарушы А. Махамбетова. 

УЧАСКЕЛІК ПОЛИЦИЯ ИНСПЕКТОРЛАРЫ «ШЕРИФ» ЕМЕС

Реформалау барысында халықаралық озық тәжірибелер зерделену үстінде. 

«Қазақстандық учаскелік полиция инспекторларының атын немесе қызмет түрін «Шериф» деп өзгерту әзірге жоспарда жоқ, яғни аты ауыспайды. Дегенмен учаскелік полиция инпекторларының атқаратын қызметін кеңейтуге байланысты сұрақтар түбегейлі қарастырылып жатыр»,- деді А. Махамбетова. 

Ішкі істер министрлігінің кадр саясаты депаратментінің бастығы Айдар Сайтбеков Қазақстанда полицияны сервистік модельге ауыстыру аясында АҚШ, Ұлыбритания мен Канада сияқты мемлекеттерде кеңінен тараған шерифтер моделін зерделеп шығу жоспарланғанын айтты. 

ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫНДА СЫНАҚТАР ӨТКІЗІЛУДЕ

Айдар Сайтбековтың айтуынша, полицияны сервистік модельге ауыстыру ЕҚЫҰ-ның қолдауымен Қарағанды қаласында сынақтан өтіп жатыр. Сосын облыстық әкімдік аясында дәл сондай жоба қолға алынған.

«Бұл полицияның бәрі дәл қазір көшеге шығуы тиіс деген сөз емес. Құқық қорғаушылар полицияның көмегі қажет жерде ғана жүруі керек. Шартты түрде үш орын бар. Біріншісі – қауіпсіз орын, ол жерде полицияның қажеті жоқ. Екіншісі – ішінара қауіпсіз орын, ондай жерге полиция белгілі бір уақытта, мысалы, адам көп жиналған кезде келеді. Үшіншісі – қауіпті орын, ол жерлерде құқық қорғаушылар үнемі жүруі керек», - деп түсіндірді Айдар Сайтбеков.

ЖАҢА ОҚУ БАҒДАРЛАМАСЫ ЕНГІЗІЛЕДІ

Қазақстанда ІІМ-нің ведомстволық жоғарғы оқу жүйесінде учаскелік полиция инспекторларын дайындайтын орын бар. 

«Реформа жүзеге асырылған уақытта ІІМ-нің ведомстволық жоғары оқу жүйесіне жаңа оқу бағдарламасы енгізілетін болады. Әзірге реформалау барысы әлі жоспарлану үстінде болғандықтан, мемлекет тарапынан жаңашылдыққа бөлінетін қаражат көлемін дөп басып айта алмаймыз» ,- дейді Ішкі және сыртқы коммуникациялар департаментінің міндетін атқарушы А. Махамбетова.

АҚШ-та 3500-ГЕ ЖУЫҚ ШЕРИФ КЕҢСЕСІ БАР

Бұл ретте АҚШ елшілігі Қазақстанға көмектесуге дайын. 

«Қазақстанның Ішкі істер министрлігі АҚШ-тағы шерифтердің рөлін түсіну үшін елшілікке хабарласып, көмек көрсету мүмкіндігі жайында сұрады. Жалпы ақпарат берумен қатар, елшілік министрлік қызметкерлерін АҚШ Шерифтер қауымдастығымен байланыстыруды ұсынды. Біз әлі де алдын ала талқылау кезеңіндеміз, дегенмен бұл бастамаға көмектесуге дайынбыз», - деді Қазақстандағы АҚШ Дипломатиялық өкілдігінің пресс-атташесі Шон Бода мырза.  

«ШЕРИФ» ҚЫЗМЕТІН ТҮСІНУ ҮШІН ҚАЗАҚСТАН МЕМЛЕКЕТТІК ҰЙЫМДАРЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ АҚШ-қа АРНАЙЫ ОҚУҒА БАРАДЫ 

«Ынтымақтастықтың ықтимал бағыттарының бірі – Шерифтер департаменттерінің жұмысымен танысу мақсатында Қазақстанның басқару саласындағы мемлекеттік ұйымдары қызметкерлерінің Америка Құрама Штаттарына оқу сапары. Әрине, бұл пандемия бәсеңдеген кезде ғана жүзеге асуы мүмкін», - деді Қазақстандағы АҚШ Дипломатиялық өкілдігінің пресс-атташесі Шон Бода мырза. 

Айта кетерлігі, АҚШ-та шериф бөлімінің рөлі әр штатта, тіпті әр округте (штаттың аймақтары) әр түрлі. Яғни, кез келген шерифтің жеке міндеттері өзі қызмет ететін аймаққа байланысты. 

АҚШ ШЕРИФТЕРІНІҢ ҚЫЗМЕТІ ҚАНДАЙ? 

АҚШ-та 3500-ге жуық шериф кеңсесі бар, олардың әрқайсында 2 адамнан жұмыс істейді. Шерифтің ең үлкен бөлімі — Лос-Анджелес округінде: онда 11 000 қызметкер бар.

Америкалық шериф – көп жағдайда округ халқы белгілі бір мерзімге (2 жылдан 6 жылға дейін) сайлайтын және өзі тағайындаған көмекшілерімен бірге бақыланатын аумақта заңның сақталуына жауап беретін лауазымды тұлға. 

Нұр-Сұлтан қаласындағы АҚШ елшілігінің баспасөз қызметі берген ақпарат бойынша, шерифтер мен олардың орынбасарлары Сот пен магистраттарға (шешімді қабылдау мүмкіндігі мемлекеттік биліктің күшімен қамтамасыз етілген, конституция және заңмен бекітілген мемлекеттік қызметкер) дейін қамау, тұтқындауға ордер беру, айыппұлды немесе сотқа шақыру қағазын рәсімдеуге әлеуетті бейбітшіл офицер болу үшін ант қабылдаған. Көптеген штаттарда шерифтерді тікелей сайлаушылар өздері сайлайды.

Шерифтің алғашқы сайлауы 1651 жылы Вирджинияда өтті, содан кейін бұл тәжірибе қоғамда қалыптасты. 
«That American Life» мақаласында шерифтің АҚШ-тағы орташа жалақысы 2019 жылдың ақпан айындағы жағдай бойынша жылына 106 479 долларды құрайтыны жазылған. 

АҚШ-та белгіленген тәртіп бойынша, көптеген шериф бөлімшелері қылмыстың алдын алу мақсатында қоғамдық істер стратегиясын қолдана отырып, жергілікті аудандардың көмегіне жүгінеді. Ұлттық шерифтер қауымдастығының демеушілігімен жүргізілетін The National Neighborhood Watch Program (аудармасы: Ұлттық Көрші Аумақты Бақылау Бағдарламасы) атты бағдарлама өздері тұратын қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бейбіт тұрғындарға құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен ынтымақтасуға мүмкіндік береді.

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан