$ 538.56  625.65  6.62
День конституции
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Алты млн теңге сұрап отыр»: Алматы полициясы кино түсіру үшін ескі нөмір таққан үш жүргізушіні қамап тастаған (ВИДЕО)

Кино продюсері әділдік іздеп, видеоүндеу жазған

«Алты млн теңге сұрап отыр»: Алматы полициясы кино түсіру үшін ескі нөмір таққан үш жүргізушіні қамап тастаған (ВИДЕО)
Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Алматыда фильм түсіріп жүрген топты полиция жазалап, түсірілім кезінде жалған нөмір қолданды деп айыптап, сот арқылы жүргізуші куәліктерінен 1 жылға айырып тастаған. Бұл жайлы «ОЯН, ҚАЗАҚ!» фильмінің бас продюсері Айсәуле Әбілда әлеуметтік желісінде мәлім етті, деп жазады Azattyq Rýhy.

«5 қазан күні Алматы қаласында полиция кино түсіріп жүрген топты тоқтатты. Сценарий бойынша оқиға 2004 жылды бейнелеуі тиіс болғандықтан, түсірілімге қатысқан үш көлік сол кезеңнің мемлекеттік нөмірлерін таққан. Алайда Әл-Фараби мен Достық көшелерінің қиылысында қозғалыста жүрген сәтте тәртіп сақшылары сол үш машинаны тоқтатып, жалған нөмір қолданды деген айыппен хаттама толтырған. Олардың қолында Алматы қалалық мәдениет басқармасынан алынған ресми рұқсат және қалалық полиция департаментінің назарға алғаны туралы хаты болған. Соған қарамастан, полиция қызметкерлері бұл әрекетті Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабы, 4-тармағы бойынша заң бұзудеп таныған», - деді продюсер.

Кино тобының өкілі түсіндіргендей, жалған нөмірді ешкім әдейі қолданбаған, барлығы тек кино көрінісін шынайы көрсету мақсатында жасалған.

«60 адам күн-түн демей жұмыс істеп, барлық мемлекеттік органға ескерту жібергенімізбен, полиция біздің уәжімізге құлақ аспады. Полиция қызметкерлері Қайыпберген А., Ахметжан Р., Мамедәлі А. және Есенбек А. хаттама толтырып, жүргізушілерді бір тәулікке қамауға алып, көліктерді айып тұрағына қойған», - дейді ол.

Продюсердің айтуынша, сот отырысына өзі қатыса алмаған. Оның қатысу туралы өтініші ескерусіз қалып, іс онлайн форматта қаралған. Сот жүргізушілерге бір жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айыру және бір тәулікке қамаққа алу туралы шешім қабылдаған.

«Олар кино үшін жалған нөмір таққандай емес, қылмыс жасағандай қарады. Соның кесірінен, үш отбасы табысынан айырылып, әділетсіз шешімнің зардабын тартты. Оқиғаға байланысты кино түсіру тобы жүргізушілерге 2 240 000 теңге көлемінде өтемақы төлеген. Полиция бәрін біле тұра, біреудің кінәсіздігін дәлелдеуге уақыт таппады. Шаш ал десе, бас алатын жүйенің бейнесі осы. Ал 1 жыл жүргізуші куәлігінен айырылғандар Мұрат Есжан екеумізден 6 млн өтемақы сұрап отыр» – деп қорытындылады продюсер.

Редакция бұл мәселеге қатысты полиция департаментіне сұрау жолдады.

Еске салсақ, режиссер Мұрат Есжан мен продюсер мен Айсәуле Әбілова түсірген «Міржақып.Оян, қазақ» фильмі көрермен ықыласына бөленіп, кең талқыланған тарихи туынды болды.

Серіктес жаңалықтары