Үш жылда елде төрт донор өңір пайда болады - Еркін Әбіл
Мәжілісте 2026-2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттер көлемі талқыланды

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы 2026–2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы қаралды. Баяндаманы депутат, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Ерлан Әбіл ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттың айтуынша, алдағы үш жылға арналған трансферттер көлемі жаңа Бюджет және Салық кодекстерінің нормалары ескеріле отырып әзірленген. Есептеу барысында негізгі үш қағида басшылыққа алынған:
- трансферттерді есептеудің жаңартылған әдістемесі енгізілді;
- ең төмен және өңірлік стандарттар жүйесі қолданылды;
- өңірлердің өз кірістерін арттыруға ынталандыру шаралары қарастырылды.
Өңірлердің құрылымдық өзгерістері
2028 жылдан бастап Маңғыстау облысы өндіруші сектор мен өнеркәсіптен түсетін салық түсімдерінің есебінен қайтадан донор-өңір мәртебесіне ие болады. Павлодар облысы да осы кезеңге қарай өзін-өзі толық қамтамасыз ететін өңірлер қатарына қосылады. Ал Атырау облысы, Алматы және Астана қалалары донор мәртебесін сақтап қалады. Нәтижесінде үш жыл ішінде елде төрт донор және бір өзін-өзі қамтамасыз ететін өңір болады.
Мәжілісте талқылау кезінде көтерілген мәселелер:
- Кей өңірлерде басталған жобаларды жалғастыруға республикалық бюджеттен бөлінетін қаражаттың жетіспеушілігі байқалады. Бұл жобалардың мерзімін созып, құнын арттыру қаупін тудырады.
- Алдағы кезеңде инфрақұрылым бойынша өңірлер арасындағы теңсіздікті қысқарту мақсатына толық қол жеткізілмейді.
- Әкімдіктер ұсынған бастапқы деректердің дәлдігіне қатысты күмән бар – кей жағдайда нақты қажеттілік мәлімделген сомадан он есе аз.
- Үкімет кірістер бойынша жоспарды асыра орындаудан түскен қаражаттың жұмсалуы туралы нақты ақпарат ұсынбай отыр. Бұл сома жыл сайын шамамен 1,5–2 трлн теңгені құрайды.
Осы мәселелерді ескере отырып, депутаттар әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамытуға, сондай-ақ аграрлық бағдарламаларды қолдауға бағытталған өңірлік субвенциялар көлемін 16,5 млрд теңгеге арттыру туралы шешім қабылдады.
Заң жобасы жеті жұмыс тобының отырысы мен Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысында жан-жақты қаралды. Барлық комитеттер өз қорытындыларын берді, ал салыстырмалы кестеге 65 ұсыныс енгізілді.
Қорытындысында Қаржы және бюджет комитеті Мәжіліске аталған заң жобасын қабылдауды ұсынды.