Депутаттар 130-дан астам түзету енгізді - Мәжіліс республикалық бюджет жобасын талқылады
Үкімет бүгін 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын таныстырды

Мәжілістің жалпы отырысында депутат, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Ұласбек Сәдібеков Үкімет ұсынған 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы бойынша баяндама жасады. Бұл – жаңа Бюджет ережесіне сәйкес әзірленген алғашқы құжат. Ережеге сай, мемлекеттік шығындар ел экономикасының өсу қарқыны мен инфляция деңгейінен аспауы тиіс, деп жазады Azattyq Rýhy.
Бюджеттің негізгі мақсаты – қаржылық тұрақтылықты сақтау
Ұласбек Сәдібековтың айтуынша, биылғы басты ерекшелік - бюджет жобасында Ұлттық қордан мақсатты трансферттер қарастырылмаған. Бұл салық және бюджет жүйесіндегі реформалардың нәтижесінде мүмкін болған. Соның арқасында республикалық бюджеттің өзіндік кірістері артқан. Қосымша табыс мемлекеттік қарызды өтеуге, әлеуметтік төлемдер мен резервтер қалыптастыруға жұмсалады.
Бюджет шығыстарының 80 пайызы әлеуметтік және жалпы мемлекеттік бағыттарға тиесілі:
- әлеуметтік сала – 38%;
- мемлекеттік басқару – 42%.
Бұл ретте мемлекеттік басқаруға кететін шығын әлеуметтік сала шығыстарынан да асып отыр. Бюджет теңгерімді, бірақ тепе-теңдікке даму жобаларының қаржысын қысқарту есебінен қол жеткізілген. Қаражат тек бұрын басталған жобаларды аяқтауға бағытталып отыр. Елдік маңызы жоқ кейбір инвестициялық бастамалар бюджеттен алынған.
Сонымен бірге, стратегиялық және жалпыұлттық жобаларды анықтау және өңірлермен келісу жұмыстары әлі аяқталмағандықтан, оларға қажетті қаражат республикалық та, жергілікті бюджеттерде де қарастырылмаған.
Депутаттың айтуынша, бюджетпен бірге ұсынылған қосымша құжаттардың сапасы әлі де төмен. Көптеген мақсат пен көрсеткіш нақты шығындармен байланыспаған, өлшенбейді және қоғамға айтарлықтай әсер етпейді. Даму жоспарлары көбіне формалды түрде дайындалған. Мемлекеттік активтер мен квазимемлекеттік секторды басқару жөніндегі Ұлттық есепте де тиімсіздік, артық міндеттемелер мен табыстылықтың төмендігі анықталған. Сонымен қатар, мемлекеттік компаниялардан түсетін дивиденд көлемі өткен жылмен салыстырғанда екі есеге азайған. Бұл бюджеттің кіріс әлеуетін әлсіретіп, квазимемлекеттік сектор саясатын қайта қарауды қажет етеді.
Бюджетті талқылау барысы
Жұмыс тобы 12 отырыс өткізіп, 27 бюджеттік бағдарлама әкімшісінің және квазимемлекеттік сектор өкілдерінің есептерін тыңдады. Депутаттар жалпы сомасы 2 трлн теңгеден асатын 130-дан астам түзету енгізді.
Олардың бір бөлігі шығыстарды нақтылауға, екінші бөлігі инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға бағытталған.
Сонымен қатар, 2026 жылы Үкімет резерві есебінен өңірлерді дамытуға қосымша 30 млрд теңге бөлу ұсынылды. Бұл қаражат жылу және электр энергетикасын, газ және сумен жабдықтауды дамытуға, жағалауды нығайту жұмыстарына және басқа да бағыттарға жұмсалмақ.
Бұдан бөлек, ұлттық экономиканың тұрақтылығын және бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында заң жобасына 1 трлн теңгені қайта бөлу жөнінде түзету енгізілді. Бұл қаражат бастапқыда «Жаңа бастамаларға арналған шығыстар» ретінде қарастырылған, енді ол нақты мемлекеттік органдар арасында бөлінді. Қаражаттың негізгі бөлігі отандық өндірісті дамытуға, өнеркәсіп кәсіпорындарын қолдауға, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және ауыл шаруашылығын техникалық жаңғыртуға бағытталады. Барлық ұсыныстар мен түзетулер салыстырмалы кестеде көрсетілген.
Қорытындылай келе, Ұласбек Сәдібеков республикалық бюджет Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қойған мақсаттарға сай дайындалғанын атап өтті. Ол әлеуметтік салаға басымдық беріп, елдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған. Мәжілістің барлық тұрақты комитеттері өз қорытындыларын ұсынып, Қаржы және бюджет комитеті заң жобасын қабылдауды ұсынды.