Үш бірдей облыстың Денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметінен неге кетті?
Қарағанды облысы бойынша басқарма басшысының қызметінен кеткені жайлы ақпарат әлі расталмаған

Қарағанды, Павлодар және Атырау облыстары Денсаулық сақтау басқармаларының басшылары бірінен соң бірі қызметінен босатылды деген ақпарат тарады. Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов басқарма басшыларының отставкаға кетуін түсіндірді.
«Қарағанды облысының басқармасына келетін болсақ... Ақпарат әлі расталмады, ол әлі жұмыс істейді. Атырау облысында басқарма басшысы өз еркімен қызметінен кетті. Павлодар облысы бойынша Денсаулық сақтау басқармасының басшысы отбасы жағдайына байланысты жұмыстан кетті», - деп түсіндірді Бағдат Қожахметов.
ДСМ ресми өкілі отставкаға кеткен басшылардың орнына тағайындау бойынша да жауап берді.
«Жұмысқа қабылдаудың белгілі бір рәсімдері бар, мұнымен облыс әкімдіктері айналысады. Бірақ Денсаулық сақтау министрлігімен келіседі», - деп түйіндеді ол.
Еске сала кетейік, 6 қазанда Атырау облысында қатаң сөгіс алған Денсаулық сақтау басқармасының басшысы отставкаға өтініш берді.
Сымбат Молдатай, Нұр-Сұлтан