Бауыржан Байбек праймериздің екінші кезеңінде үміткерлер қалай іріктелетінін түсіндірді
Партияішілік сайлаудың бірінші кезеңі аяқталды

«Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары партияішілік сайлаудың бірінші кезеңі аяқталып, рейтингтік дауыс беру қорытындысы жарияланғанын хабарлады. Оған «Праймериз» ақпараттық жүйесінде тіркелген партия мүшелерінің 662 687-сі немесе 84,2%-і қатысқан.
«Өздеріңізге мәлім, Елбасы, партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша кемінде, 30% әйелдер мен 20% 35 жасқа дейінгі жастарға берілген квота ескеріліп, Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттарға арналған сайлауалды партиялық тізімдер жасалады.
Сондықтан бүгін Primaries.kz порталында қатысушылардың жалпы рейтингісімен бірге, әйелдер мен жастар арасынан түскен кандидаттардың рейтингтері де жарияланды», - деп жазды ол.
Партияішілік іріктеудің екінші деңгейінде аудандық және қалалық конференциялар өткізіліп, онда тиісті мәслихаттар сайлауларына арналған партиялық тізімдер бекітіледі.
Сондай-ақ, осы конференцияларда сайлаушы-делегаттар жасырын рейтингтік дауыс беру жолымен жоғары деңгейдегі өңірлік мәслихаттар мен Мәжіліске арналған партиялық тізімдерге қосу үшін үміткерлерді сайлайды.
«Кандидаттар алдағы пікірсайыстарда тағы да бағын сынайды. Республикалық маңызы бар қалаларды қоспағанда, Мәжіліске үміткерлер екі рет – аудандық және облыстық конференцияларда пікірсайысқа түседі. Праймериз ережесіне сәйкес Парламенттің төменгі палатасындағы «Nur Otan» партиясының қызметтегі депутаттары облыстық партиялық конференцияларда үшінші деңгейдегі партияішілік іріктеуге қатыса алады», - деді Б. Байбек.
Облыстық мәслихаттарға партиялық тізімдер тиісті конференцияларда, ал Мәжіліске арналған қорытынды тізім – «Nur Otan» съезінде бекітіледі.
Ашықтық пен айқындықты қамтамасыз ету үшін праймериздің барлық кезеңі партияның сайтында, сондай-ақ БАҚ пен әлеуметтік желілерде жарияланады.