Атырауда қатаң сөгіс алған басқарма басшысы отставкаға өтініш берді
Әкімдік себебін түсіндірді

Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Қабдықапаров өз еркімен қызметінен босату туралы өтініш берген. Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі azh.kz порталына басқарма басшысының отставкасына қатысты пікір білдірді.
«Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Қабдықапаровқа қызметтік міндеттерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін қатаң сөгіс алды. Оның ішінде, COVID-19-ға қарсы күрес бойынша эпидемияға қарсы іс-шараларды жүзеге асырудағы, инфекция жұқтырған медицина қызметкерлеріне әлеуметтік жеңілдіктер ұйымдастырудағы, сондай-ақ төтенше жағдай кезінде өңірдің медицина мекемелерін жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етудегі кемшіліктер бар. Ол бұл мәселелер бойынша түсініктеме жазып, кейін өз еркімен қызметінен кету туралы өтініш берді», - деп түсіндірген.
Еске салсақ, 50 жастағы Нұрлыбек Қабдықапаров осы жылдың мамыр айының басында Денсаулық сақтау басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы болып тағайындалды. Сосын көп ұзамай облыстық басқарма басшысы болды.
Қазір облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы болып Асхан Байдувалиев тағайындалды.