Праймериз ережелерін бұзған үміткерлерге қандай жаза тағайындалды
Праймеризге барлығы 10 990 кандидат қатысты
2019 жылдың 1 шілдесінен бастап 2020 жылдың қыркүйегіне дейінгі кезеңде Жарғыны сақтамағаны, партиямен байланысты жоғалтқаны үшін 243 мыңнан астам адам «Nur Otan» партиясының қатарынан шығарылды. Бұл туралы «Nur Otan» партиясының Партиялық бақылау комитетінің төрағасы Павел Казанцев айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Кандидаттар тарапынан «лас» тірліктер болды. Олардың үшеуін атап өтуге болады. Мәселен, бірнеше мың адам өздеріне бейхабар түрде партия мүшесі атанып кеткен. Біз бұл фактіні анықтаған кезде істі тез арада шешуге тырыстық. Олардың партияға тіркелуін болдырмадық. Мұны жүзеге асырған үміткерді біз аластаттық. Сондай-ақ бұл фактінің алдын алуы тиіс аудандық филиал жұмыскерлерімен де жұмыс істедік. Одан өзге жалған телефон қоңырауларын жасаған үміткер сол күні праймеризге қатысу құқығынан айырылды. СМС қолдану арқылы алаяқтық жасаған үміткер де жазасын алды»,- деді Павел Казанцев.
Тәртіп бұзған үміткерлерге қолданылған жаза түрлері: ескерту, сөгіс беру және праймеризден аластату.
«Ешкімді партиядан шығаруға тура келген жоқ. Бірақ ескерту, сөгіс алғандар саны көп болды» ,- деді «Nur Otan» партиясының Партиялық бақылау комитетінің төрағасы.
Тәртіп бұзған үміткерлердің ең көбі Нұр-Сұлтан қаласында тіркелді. Алғашқы бестікті Алматы қаласы, Ақмола облысы, Қарағанды және Тараз қалалары толықтырды.
Мәселен, Ақмола және Қарағанды облыстарында партиялық бақылау комиссиясының араласуынан кейін партияның 480 мүшесінің нақты мобильді нөмірлері енгізілді. Бұрын олардың барлығы бірдей телефон нөмірімен тіркелген.
Ақмола облысының Сандықтау ауданында партиялық бақылау комиссиясы «Білім» БПҰ төрайымы Барахоеваның әрекетін тоқтатты, ол барлық мұғалімдерді дауыс берудің бірінші күні сағат 10.00-ге дейін дауыс беруге шақырды, бұл ережені бұзу болып табылады.
Таразда партиялық бақылау комиссиясы SMS-кодты анықтау мақсатында Есеп комиссиясы өкілдерінің партия мүшелеріне қоңырау шалуын ұйымдастыру фактісін анықтады. Партиялық бақылау комиссиясы отырысының қорытындысы бойынша тиісті шешім шығарылып, кінәлі адамдарға партиялық жаза қолданылды.
«Сонымен қатар, партиялық бақылау комитеті мен оның жергілікті жерлердегі комиссияларына дауыс беру барысында ереже бұзу фактілері бойынша шағымдар келіп түсуде. Олардың барлығы бойынша тексерулер жүргізіледі. Алайда, мұндай өтініштердің көпшілігі дәлелді материалдармен расталмаған», - деді Казанцев.
Сымбат Молдатай, Нұр-Сұлтан