Коронавирус жұқтырған 10 бала ауруханаға жатқызылды – ДСМ
Соңғы мәлімет бойынша республикада барлығы 138 баладан КВИ анықталған

Осы жылдың 2 сәуірінен бастап 7 қазанына дейін Қазақстанда коронавирус жұқтырған 2551 бала тіркелді. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметовтің айтуынша, коронавирустың таралуы бойынша жағдай мәз емес.
«Бесінші қазандағы жағдай бойынша, елде мектеп оқушылары арасында 138 баладан коронавирус анықталды. Оның 52-сі кезекші сыныптарда оқитындар. 86-сы қашықтан оқыған. Қазір инфекция жұқтырған 74 бала ем алып жатыр. Олардың жас мөлшері 1 айлық баладан 18 жасқа дейін. Жалпы алғанда, COVID-19 32 балада симптомсыз, 31 балада жеңіл түрде және 7 балада орта деңгейде өтіп жатыр. 1 балада бактериалды формадағы пневмония, тағы 1 балада вирусты пневмония анықталған. 48 мектеп оқушысы және балабақшаның кезекші тобына барған 3 бала бақылауда», - деді Бағдат Қожахметов.
Ауырып жатқан балалардың басым бөлігі ШҚО, СҚО және Павлодар облыстарынан анықталды. Бүгінде 10 бала ауруханада жатыр.
Сымбат Молдатай, Нұр-Сұлтан