СҚО-да жасалған фанера экспортқа шығарылмақ
Кәсіпорын жылына 18 мың текше метр дайын өнім шығарады
Солтүстік Қазақстан облысында жасалған фанера Түркия, Өзбекстан мен Европа елдеріне экспортталмақ. Шикізат ретінде жергілікті қайың ағаштары пайдаланылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Кәсіпорын жылына 18 мың текше метр дайын өнім шығармақ. Кейін бұл көрсеткіш 27 мыңға дейін көтерілмек. Өнімнің жартысы Түркия, Өзбекстан мен Европа елдеріне жөнелтіледі. Жобаны Түркиялық инвесторлар жүзеге асыруда. Оған 1,8 млрд тг бағытталды.150 адам жұмыспен қамтылады.
«Жылына кәсіпорын 18 мың текше метр дайын өнім шығармақ. Кейін 27 мыңға дейін өсіреді. Өнімнің жартысы Түркия, Европа мен Өзбекстанға жөнелтіледі. Қазір елімізде 90 мың текше метр фанера сырттан әкелінеді. Біз бұл көлемнің 30%-ын жаба аламыз. Облыста жыл басынан 11 млрд тг шетелдік инвестиция тартылды. Өсім 159 % құрады. Бұл өңірде инвесторларға жақсы жағдайдың жасалғанын көрсетеді», - деді фанера комбинатына барған Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов.
Қазір кәсіпорында Германия мен Түркиядан әкелінген қондырғыларды орнату жұмыстары жүргізілуде. Инвестор Огузхан Челик Солтүстік Қазақстанға Түркиядан арнайы келіп, осы бизнеспен айналысуға бел байлапты. Шетелдік кәсіпкердің айтуынша, ол үшін Қызылжар өңірінде қолайлы жағдай да, тиісті көлемдегі шикізат та бар.
«Түркияда қайың өспейді. Қазақстанның солтүстік өңірінде ол жеткілікті. Қайыңды тек пешке ғана жақпай, дайын өнім алуға болады. Қайың фанерасын тіпті кеме жасауға да қолданады. Солтүстік аймақ осы зауыт үшін жайдан-жай таңдалған жоқ. Жергілікті қайың өте сапалы шикізат», - деді кәсіпкер.
Өнімнің бір ерекшелігі – оның ламинат қабатында. Сондықтан мұндай фанера су өткізбейді, берік болады. Сондықтан тауар өндірушілер оның жоғары сұранысқа ие болатынына сенімді.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО