$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
16.09.2020, 17:09
Жаңалықтар

ДДСҰ COVID-19 инфекциясына қарсы қазақстандық вакцинаны үміткерлер тізіміне қосты

Вакцина ғылыми институттың қызметкерлеріне салынған

ДДСҰ  COVID-19 инфекциясына қарсы қазақстандық вакцинаны үміткерлер тізіміне қосты
Фото: ашық дереккөзден

Қазақстанда қолға алынған суббірліктік SARS-CoV-2 (COVID-19) вакцинасы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының коронавирусқа қарсы жасалып жатқан екпелердің қатарына үміткер болып тіркелді. Наноэмульсиондік май адъюванты негізінде әзірленіп отырған вакцинаның ДДСҰ-ның кандидаттар тізіміне енгені туралы жаңалықты қазақстандық ғалым Қайсар Табынов айтты. Ол Facebook-тегі өзінің  жеке парақшасында жазып, оған атсалысып жатқан мамандарға алғысын білдірген еді.  

«Бұл вакцина - Қазақ ұлттық аграрлық университеті халықаралық вакцинология орталығы мен М. Айқымбеков атындағы Аса қауіпті инфекциялар ғылыми орталығының біріккен жобасы. Қазір әлі де қосымша клиникалық зерттеулерден өтіп жатыр. Соңғы жаңалықпен бөлісе отырып, коронавирус індетіне қарсы екпені жасауға күш салып жатқан әріптестеріме алғысымды білдіргім келеді. Алда атқарылатын жұмыс әлі де көп. Сіздерге сәттілік тілеймін», - деді жас ғалым.

Отандық гендік инженерлік ғылым үшін таптырмас жаңалық туралы ғалымдар биыл маусым айында мәлімдеме жасаған болатын. Олар коронавирус инфекциясының алғашқы толқыны басталғанда бір жарым ай тынымсыз еңбек еткендерін айтқан еді. Алматыдағы ғалымдар тобынан бөлек, Жамбыл облысында да коронавирус инфекциясына қарсы дайындалған вакцина алғаш рет адамға сыналды. Вакцинаны сынақтан өткізу үшін оны дайындаған институттың (Жамбыл облысындағы Биологиялық қауіпсіздік ғылыми-зерттеу институты - авт.) басшылығын қосқанда, жеті ғалымға QazCovid-in деп аталатын бөгде зат егілгені туралы жазған болатынбыз.

Оқи отырыңыз: QazCovid-in вакцинасын өздеріне сынап көрген қазақстандық 7 ғалымның қазіргі жағдайы айтылды

Әлемде коронавирус инфекциясына қарсы 100-ден астам вакцина жасалып жатыр. Олардың қатарында Қазақстан да жоғарыда айтыған екі топтың көмегімен өз вакцинасын жасауға кірісті. Отандық мамандар АҚШ-тың Огайо университеті және Аустралияның Vaxine компаниясымен келісім шартқа  отырған. Ғалымдар қазір жоғарыда аты аталған зерттеу инситуттарының ресурстарын пайдалану арқылы дәрілік өнімді әзірлеп жатқандарын айтады. Зерттеулер оң нәтиже көрсетсе, мемлекет қаражаты есебінен өндіріске енгізуден үмітті. 

Вакцинаны дайындау күрделі процесс. Химиялық жолмен жойылған және тазаланған субстанцияға адъювант араластырылады. Күрделі биохимиялық тізбектер ағзаның иммундық күшін арттыруға бағытталған. Ол адамның денесіне егілген соң, дәрінің дозасы қанның құрамын күшейтіп, COVID-19 қоздырғыштарын жояды.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары