Алматыда 3-4 сынып оқушылары мектепке барып оқи алады
Тиісті министрлік ата-аналардың өтініші бойынша осындай шешім қабылданған
Алматы қаласында мектептерде 3-ші және 4-ші сынып оқушылары үшін кезекші сыныптар жұмыс істей бастады. Қалалық білім басқармасы 15 қыркүйектен бері баласын үйде оқытуға мүмкіндігі жоқ, негізінен жұмыс істейтін ата-аналар үшін кезекші сыныптар ұйымдастыруға шешім қабылдаған. Бұл туралы Azattyq Rýhy тілшісіне Алматы қалалық білім басқармасы орта білім бөлімінің басшысы Ақмарал Айтуарова айтты.
Кешелі бері шаһарда 17 мектепте 39 сынып ұйымдастырылып, мектеп партасына 436 оқушы отырды. Алдағы уақытта эпидемиологиялық жағдайға байланысты бұл көрсеткіш өсуі мүмкін. Білім басқармасы өкілінің айтуынша, онлайн емес, мектеп қабырғасында білім алғысы келетін балалар саны көбейген.
«Қазір қалада эпидемиологиялық жағдай бірқалыпты. Біз 15 қыркүйектен бастап 3-4 сыныптар арасында кезекші сыныптарды аштық. Сондықтан әлеуметтік желіде тарап жатқан ақпараттар рас. Егер оны офлайн десеңіз, халық дұрыс түсінбейді. Бәріне оқуға болады екен деп ойлауы мүмкін. Ескертетін жағдай: балаларды кезекші сыныптарға оқуға жіберуге болады. Бұл шешім көптеген ата-аналардың өтінішінен соң қабылданып отыр. Мысалы, жұмыс істейтін ата-аналардың үйде баланы тастап кететін жағдайы жоқ. Сондықтан министрлік осындай мүмкіндік берді. Ең бірінші, бұл - жұмыс істейтін ата-аналардың балаларына арналған кезекші сыныптар. Мысалы, бір сыныпта 30 бала болып, олар түгел келсе, 15-тен бөліп, екі кезекші сынып ұйымдастыратын боламыз», - деді А. Айтуарова.
Санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталады. Ата-ана мектептің ішіне кірмейді. Олар баланы мектептің сыртқы есігіне дейін әкеледі, сосын кіреберістен қайтып алып кетеді. Ол жерде дезинфекциялық құралдардың барлығы ұйымдастырылады. Баланың қызуы тексеріледі және міндетті түрде медициналық маска киіп отыруы керек. Себебі, қазір тұмау, ЖРВИ маусымы басталады. Одан біз балаларды барынша қорғауға тиіспіз. Сол сияқты, коронавирус та ауа арқылы таралатынын ескеру керек дейді білім басқармасының өкілі.
Айта кету керек. Алматыда қыркүйектің басында 1-2 сынып оқушылары үшін кезекші сыныптар ұйымдастырылды. Олар 2 қыркүйектен бастап мектеп қабырғасында оқып жатыр. Аталған екі сынып оқушылары 107 мектептің қабырғасынан ашылған 433 кезекші сыныпта оқытылуда. Барлығы 5530 бала қамтылған.
«Алматы қаласында 207 орта білім беретін мемлекеттік мектеп болса, оларда биыл 271 мың оқушы білім алуы тиіс еді. COVID-19 вирусына қатысты жарияланған шектеулерге байланысты кезекші сыныптардан тыс барлық оқушылар онлайн түрде білімін жалғастыра береді. Елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты олардың нақты қашан мектепке баратыны беймәлім», - дейді қалалық білім басқармасының басшылары.
Соңғы уақыттары қалада крорновирусқа байланысты психологиялық проблемаларға тап болған отбасылар көбейген. Тиісті мекемелер олардың нақты санын айтқан жоқ. Десе де, балалар мен ата-аналардың қашықтан оқытуға психологиялық бейімделуі туралы тегін көмектер беріледі. Ол үшін covid-19.mentalcenter.kz сайтына өтініш қалдыруға болады.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы