Алматы облысының бас санитар дәрігеріне қатаң сөгіс жариялануы мүмкін
Алматы облысының Әдеп жөніндегі кеңесінің ұсынысы солай

Кеше Алматы облысының Әдеп жөніндегі кеңесінің кезекті отырысы болып, онда облыстың бас санитар дәрігері Ерғали Сыдымановтың тұрғындармен дөрекі сөйлескені бойынша жағдай қаралған. Бұл туралы Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Нұр Қанатұлы хабарлады.
Әдеп жөніндегі кеңес отырысының нәтижесі бойынша ҚР Денсаулық сақтау министріне оған (Ерғали Сыдыманов – ред.) қатаң сөгіс түрінде тәртіптік жаза қолдану ұсынылған.
«Бұл дұрыс шешім болды деп ойлаймын. Біріншіден, ол кінәсін мойындап, қала және облыс тұрғындарынан кешірім сұрады. Екіншіден, ол балағат сөз айтып, ешкімнің жеке басына тиіскен жоқ. Тіпті, ешкімге қол көтерген жоқ. Үшіншіден, ол өз ісінің маманы, денсаулық сақтау саласында тәжірибесі мол», - деп жазды ол.
Естеріңізге сала кетейік, Алматы облысының бас санитар дәрігерінің қала тұрғындарымен дөрекі сөйлескен видеосы әлеуметтік желіде тарап, оқырмандардың ашу-ызасын тудырды. Осыған байланысты Алексей Цой облыстың бас санитар дәрігеріне қатысты қызметтік тергеуді бастауды тапсырды.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы облысының бас санитар дәрігері Ерғали Сыдымановтың Талдықорған тұрғындарымен кездескені жайлы видеоға айрықша назар аударып, лауазымды тұлғаның мемлекеттік қызметшінің әдеп кодексіне жат қылық көрсеткенін мәлімдеді.