Астанада «Соғым-FEST» жәрмеңкесі өтіп жатыр

Жоба аясында 1 000 тоннадан астам ет өнімін өткізу жоспарланған

Астанада «Соғым-FEST» жәрмеңкесі өтіп жатыр
Фото: Сауда және интеграция министрлігі

Астанада Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің қолдауымен «Соғым-FEST» ет жәрмеңкесі өтуде. 7 және 8 қараша күндері өтіп жатқан ауқымды шарада елорда тұрғындары мен қонақтары отандық шаруа қожалықтарынан ет өнімдерін делдалсыз, арзандатылған қолжетімді бағамен сатып алуға мүмкіндік алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жәрмеңкеге Ақмола, Абай, Қарағанды, Павлодар және еліміздің басқа да өңірлерінен келген ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қатысуда. Жоба аясында 1 000 тоннадан астам ет өнімін өткізу жоспарланған.

«Соғым-FEST» жәрмеңкесі 7–8 қараша күндері сағат 09:00-ден 19:00-ге дейін елорданың үш сауда алаңында өтеді. Атап айтқанда, «Keruen Joly» сауда орталығы (Алаш тасжолы, 35Б), «Ет Әлемі» сауда орталығы (Алаш тасжолы, 31/1) және «Jurt» сауда орталығы (Бейбарыс Сұлтан көшесі, 3) келушілерге қызмет көрсетеді.

Бастама отандық өндірушілерді қолдауға, өнім өткізу арналарын дамытуға және тұрғындарды қолжетімді әрі сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуге бағытталған. Сауда және интеграция министрлігі алдағы уақытта жәрмеңкені әр демалыс сайын өткізуді, сондай-ақ елорданың тәжірибесін өзге өңірлер мен ірі қалаларға таратуды жоспарлап отыр.