Қарағанды облысында полицейлер 322 бас малды иелеріне қайтарды
Полиция департаментінің хабарлауынша, жыл басынан бері мал ұрлығы бойынша 80 арыз түскен
Қарағанды облысында жыл басынан бері полиция қызметкерлері жоғалған 322 бас малды тауып, иелеріне қайтарды. Өңірлік Полиция департаментінің хабарлауынша, жыл басынан бері мал ұрлығы бойынша 80 арыз түскен. Жүргізілген іздестіру шараларының нәтижесінде 53 жағдайда жоғалған төрт түліктің орны нақты анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тәртіп сақшылары мал ұрлығының 15 дерегін ашып, 86 бас малды заңды иелеріне аман-есен қайтарды. Қылмыс жасады деген күдікпен 11 адам ұсталып, алты қылмыстық топтың заңсыз әрекетіне тосқауыл қойылды.
Мал ұрлығының алдын алу мақсатында өңірдегі облыстық және республикалық маңызы бар автожолдарда 25 қыркүйектен бастап 19 жылжымалы блокбекет жұмыс істеп тұр. Полицейлер мал тасымалдайтын көліктерді тоқтатып, жүктің заңдылығы мен қажетті ветеринариялық құжаттардың болуын тексереді. Былтыр осындай блокбекеттердің көмегімен Ақмола облысында ұрланған 40 жылқыны заңсыз тасымалдау дерегі анықталған.
Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыров малдың жоғалуына кейде иелерінің салғырттығы себеп болатынын атап өтті.
«Ауыл тұрғындары үшін мал – жай ғана мүлік емес, күнделікті еңбектің жемісі әрі отбасының негізгі табыс көзі. Сондықтан мал жоғалғаны туралы әрбір хабарламаға жедел ден қойып, іздестіру жұмыстарын жүргіземіз. Мал болуы мүмкін аумақтарды тексеріп, оның ықтимал қозғалыс бағыттарын анықтаймыз. Дегенмен кейбір мал иелері төрт түлігін қараусыз қалдырып, жайылымға бақташысыз жібереді. Малдың қайда жүргенін бақыламайды. Соның салдарынан жануарлар жоғалады. Мал иелерін өз шаруашылығына жауапкершілікпен қарауға шақырамыз. Төрт түлікті қараусыз қалдырмай, жайылымды ұйымдастыру, бақташының бақылауын қамтамасыз ету және мал ұсталатын орындарды қадағалау қажет. Күдікті жағдайлар байқалса, полицияға дер кезінде хабарлаған жөн», – деді Жасқайрат Қайыров.