Қазақстан мен Түркия арасындағы әуе қатынасын қалпына келтіру мәселесі талқыланды
Түркия тарапы бұл мәселе талқылауға қайта шығарылатынына сендірді
Анкарада Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған ҚР делегациясы кеше Түркия Республикасының Денсаулық сақтау министрі Фахреттин Кожамен кездесу өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Сыртқы істер министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, ҚР делегациясы Қазақстан мен Түркия арасындағы халықаралық әуе қатынасын қалпына келтіру мәселесін талқылады. Тараптар коронавирус індетінің таралуына жол бермеу мақсатында бірлескен іс-шаралар қабылдауға және екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға уағдаласты. Сондай-ақ, қазақстандық тарап Түркия Үкіметіне пандемия кезінде елімізге көрсеткен ізеттілік көмегі үшін ризашылығын білдірді. ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой түрік тарапын COVID-19 індеті бойынша еліміздегі қазіргі таңдағы жағдай туралы ақпараттандырды. Ол Қазақстандағы ахуал тұрақталғанын және бақылауда екендігін атап өтті», - деп жазылған хабарламада.
Келіссөздер нәтижесі бойынша ТР Денсаулық сақтау министрі Ф.Кожа аталған мәселені Түркияның Коронавирус індетімен қарсы күрес жөніндегі ғылым кеңесінің келесі отырысының күн тәртібінде талқылауға қайта шығаратынына сендірді, сондай-ақ бұл мәселе Қазақстандағы оң динамиканың жалғасуын ескере отырып, жуық арада өз шешімін табатындығына сенім білдірді.
Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан мен Түркия арасындағы әуе қатынасы екі аптаға тоқтатылған еді.