Қазақстан өз азаматтарын шетелге бермейді: Бас прокуратура өкілі Будапешт конвенциясына қатысты түсініктеме берді
Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев түсіндірді
Құрылтай отырысында «Компьютерлік қылмыстар туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасын талқылау кезінде депутат, «Әділет» фракциясының мүшесі Айдос Сарым Қазақстан азаматтарын шет мемлекеттерге беру және шетелдік құқық қорғау органдарының сұрауларын орындау тәртібіне қатысты сұрақ қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттың айтуынша, халықаралық ынтымақтастықтың күшеюі азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау тетіктерімен қатар жүруі тиіс.
«Біріншіден, Қазақстан азаматтарын шет мемлекеттерге беру мәселесінде конвенция Қазақстан Республикасының қолданыстағы конституциялық және заңнамалық нормаларына қандай да бір өзгеріс әкеле ме? Екіншіден, шетелдік құқық қорғау органының сұрауы бойынша Қазақстан аумағында қандай да бір процессуалдық әрекеттерді автоматты түрде жүргізуге құқық бере ме, әлде мұндай әрекеттер міндетті түрде Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасында белгіленген рәсімдер мен уәкілетті органдардың шешімі арқылы орындала ма?» – деп сұрады Айдос Сарым.
Сұраққа Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев жауап берді. Оның айтуынша, Конвенцияда көзделген қылмыстық қудалау талаптары Қазақстанның Қылмыстық-процестік кодексіне қайшы келмейді және Конституцияда бекітілген құқықтарды шектемейді.
«Біздің Конституцияға сәйкес, біз өз азаматтарымызды шет елдерге бермейміз. Осы Конвенцияда осындай жағдайлар да көрсетілген. Егер біз азаматты бермейтін болсақ, біз сол қылмыстық істі сол шет мемлекеттен алып, өзіміз тергеп, өзіміз шешім қабылдай аламыз», – деді Әсет Шындалиев.
Бас прокурордың орынбасары шетелдік құқық қорғау органдарының сұрауларын орындау кезінде де Қазақстанның ұлттық заңнамасы басшылыққа алынатынын атап өтті.
«Құқықтық көмек көрсету және адамды ұстап беру туралы сұрауларды біз өзіміздің Қылмыстық-процестік кодексімізге сәйкес орындаймыз. Мысалы, егер шет елдің азаматы Қазақстанда анықталса, ол кезде оны ұстау және қамауға алу сұрақтарын өзіміздің заңнамаға сәйкес шешеміз. Яғни, бұл шешімді біздің прокурор мен тергеуші қабылдайды», – деді ол.
Айта кетейік, Құрылтай «Компьютерлік қылмыстар туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заңды екі оқылымда қабылдады.