Қазақстан киберқылмысқа қарсы күресте халықаралық ынтымақтастықты күшейтеді
Заң жобасын Құрылтай отырысында Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов таныстырды
Құрылтай «Компьютерлік қылмыстар туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заңды екі оқылымда қабылдады. Заң жобасын Құрылтай отырысында Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов таныстырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Конвенция 2001 жылы Будапештте қабылданған. Қазақстан 2023 жылғы сәуірде Еуропа Кеңесінен Конвенцияға қосылуға ресми шақырту алған. Санжар Әділовтің айтуынша, құжаттың негізгі мақсаты – киберқылмысқа қарсы іс-қимылды күшейтіп, халықаралық ынтымақтастықты қамтамасыз ету.
«Конвенция компьютерлік деректерді жедел сақтауға, электрондық дәлелдемелерді іздеу мен алуға, бұғаттауға, трафик туралы мәліметтерді жинауға, сондай-ақ құқықтық көмек туралы сұрау салуларды жолдауға мүмкіндік береді. Бұл интернет-алаяқтықтарды және қажетті цифрлық деректер Қазақстаннан тыс жерде орналасқан басқа да қылмыстарды тергеп-тексеру кезінде ерекше маңызды», – деді Санжар Әділов.
Вице-министрдің сөзінше, Конвенция аясындағы ынтымақтастық ұлттық заңнама мен мемлекеттік егемендікті сақтай отырып жүзеге асырылады. Сондай-ақ құжатта сұрау салуды орындау мемлекеттің мүдделеріне қайшы келетін жағдайда одан бас тарту мүмкіндігі қарастырылған.
Бүгінде Конвенцияға 80-нен астам мемлекет қатысады. Олардың қатарында АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Германия, Франция, Жапония және Австралия бар. ТМД елдерінен Армения, Әзербайжан және Молдова Конвенцияға қатысушы мемлекеттер қатарында.
Санжар Әділов Конвенцияны ратификациялау трансұлттық киберқылмыстарды тергеу кезінде қатысушы мемлекеттермен жедел өзара іс-қимыл жасауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Оның айтуынша, бұл азаматтардың құқықтарын қорғауға қажетті құқықтық негіз қалыптастырады.