Қазақстан мен ТМД елдері қылмыскерлерді іздеу кезінде электронды түрде ақпарат алмасады

Заң жобасын Құрылтай екі оқылымда мақұлдады

Қазақстан мен ТМД елдері қылмыскерлерді іздеу кезінде электронды түрде ақпарат алмасады
Фотоколлаж Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Құрылтай «2010 жылғы 10 желтоқсандағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің адамдарды мемлекетаралық іздестіру туралы шартына өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды екі оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Заң жобасын Құрылтай отырысында ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов таныстырды. Оның айтуынша, хаттама ТМД елдерінің құзыретті органдары арасында адамдарды мемлекетаралық іздестіруге қатысты ақпаратты электрондық форматта алмасудың құқықтық негізін қалыптастырады.

«Хаттама арқылы  шартқа ТМД мемлекеттерінің құзыретті органдары арасында электрондық форматта ақпарат алмасуды регламенттейтін өзгерістер енгізу көзделген. Бұл ретте шартқа қатысушы елдердің құқық қорғау органдары адамдарды мемлекетаралық іздестіруге қатысты құжаттармен алмасу мақсатында ведомстволық электрондық пошта серверлерін пайдаланады», – деді Санжар Әділов.

Министрдің орынбасары айтқандай, адамдарды мемлекетаралық іздестіру туралы шарт Қазақстанға шетелде қылмыстық қудалаудан немесе сот үкімін орындаудан жасырынып жүрген адамдарды іздеуге мүмкіндік береді.

«Шарт аясында біз іздеудегі адамдардың жүрген жерін анықтау және оларды белгіленген тәртіппен беру мәселелері бойынша ақпаратпен алмасамыз. Көптеген жылдар бойы осы шарт шеңберінде жүйелі жұмыс жүріп келеді, оның нәтижесінде көптеген оң практикалық нәтижелерге қол жетті», – деді ол.

Санжар Әділов бұл тетіктің Қазақстан үшін негізгі пайдасы іздестіру шараларының тиімділігін арттырып, қылмыс жасағаны үшін іздеуде жүрген адамдарды жауапкершілікке тартуды қамтамасыз ету екенін атап өтті.

Айта кетейік, хаттамаға 2024 жылғы 8 қазанда Мәскеуде өткен ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің отырысында қол қойылған.

Бүгінде Қазақстаннан басқа Армения, Әзербайжан, Беларусь, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан хаттаманы ратификациялаған.