Қазақстанға кибершабуыл жасаған 18 адам Украинада қамауда отыр – ІІМ
Бұл туралы Құрылтайдағы брифингте Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді
Қазақстанға жасалған кибершабуылдарға қатысы бар деген 18 адам қазір Украинада қамауда отыр. Бұл туралы Құрылтайдағы брифингте Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, кибершабуылдардың басым бөлігін трансұлттық қылмыстық топтар жасайды. Сондықтан мұндай қылмыстарды тергеуде шетелдік әріптестермен ақпарат алмасу маңызды.
«Кибершабуылға келетін болсақ, түрлі елден болады. Әріптестерімізбен жұмыс барысында 20-дан астам орталықтарды тауып, біз азаматтарға қарсы жұмыс атқардық. Қазіргі таңда 18 адам Украинада қамауда. Кибершабуылды көбінесе трансұлттық топтар жасайды. Әр елге кибершабуыл жасалуы мүмкін. Ең бастысы дайын тұру керек. Оны арнайы жасалатын шабуыл деп айтуға болмайды», – деді Санжар Әділов.
Оның сөзінше, Қазақстанның «Компьютерлік қылмыстар туралы конвенцияға» қосылуы шетелдік құқық қорғау органдарымен ақпарат алмасуға және провайдерлермен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бұл цифрлық іздерді жойылып кетпей тұрып сақтап, қажетті ақпаратты алуға жағдай жасайды.
Санжар Әділов интернет-алаяқтықпен күрестегі соңғы көрсеткіштерді де атады. Оның айтуынша, соңғы үш жылда интернет-алаяқтық фактілері 40 пайызға азайған. Жәбірленушілерге 6 млрд теңгеден астам қаражат қайтарылып, 170 млн-нан астам жалған қоңырау бұғатталған. Сонымен қатар шетелге 5,5 млрд теңгеден астам қаражатты шығаруға тосқауыл қойылған.
Ал биыл сегіз айда интернет-алаяқтық 13 пайызға төмендеген. 2025 жылы 16 564 қылмыс тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 14 417 фактіні құраған. Вице-министр қылмыстардың ашылу көрсеткіші де 7 пайызға жақсарғанын айтты.