«7 трлн теңге пайдаланылмай жатыр»: депутат банктердің бизнеске несие беру мәселесін көтерді
Құрылтай депутаты бизнеске несие беру жүйесін қайта қарауды ұсынды
Қазақстанда банктердің жоғары өтімді активтері 23,2 трлн теңгеге жетіп, Ұлттық банк нарықтағы 7 трлн теңгеге дейінгі пайдаланылмаған өтімді қаражатты тартып отырғанына қарамастан, бизнеске берілетін кредиттің орташа мөлшерлемесі 21,5% болып отыр. Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Татьяна Савельева осыған байланысты Үкімет пен Ұлттық банкке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттың айтуынша, 1 тамыздағы жағдай бойынша банктердің жоғары өтімді активтері 23,2 трлн теңгені құрады. Бұл – банк жүйесіндегі барлық активтердің үштен біріне жуығы. Сонымен қатар Ұлттық Банк нарықтан 7 трлн теңгеге дейінгі пайдаланылмаған өтімді қаражатты алып отыр.
«Мемлекет сонымен бірге ішкі нарықта өзі де белсенді түрде қарыз алып жатыр. Тек шілде айында Қаржы министрлігі мемлекеттік облигациялар арқылы 750 млрд теңге тартты. Олардың кірісі 18,93%-ға дейін жетті. Банктер үшін мұндай жағдайда таңдау жасау қиын емес: кірісі жоғары әрі тәуекелі төмен мемлекеттік құралдарға ақша салу бизнесті ұзақ мерзімге несиелеуден әлдеқайда тиімді. Сонымен қатар бизнесті теңгемен несиелеудің орташа мөлшерлемесі 21,5%-ды құрайды. Ал мемлекет мұндай несиелерді субсидиялау, кепілдік беру және даму институттары арқылы қосымша қолдауды жалғастырып келеді. Нәтижесінде банк жүйесінде қаражат жеткілікті болғанымен, бизнес үшін несие қымбат болып қала береді. Мемлекет бұл қаражатты өзі жоғары кірістілікпен тартып, кейін бизнестің несиесін арзандату үшін тағы да бюджеттен қаржы бөледі. Әрине, мұндай жағдайдың себептері қатарында базалық мөлшерлеме, банктерді реттеу, ақшаның құны, кредиттік тәуекелдер және жобалардың сапасы бар», – дейді депутат Үкіметке жолдаған сауалында.
Татьяна Савельеваның айтуынша, бұл жерде мемлекет үшін маңызды мәселе туындайды. Қолданыстағы модель бюджетке екі жақты қаржылық салмақ түсірмей ме? Бір жағынан, мемлекет алған қарызға қызмет көрсетуге шығындалады. Екінші жағынан, бизнесті несиелеуді қолдау үшін қосымша қаржы бөледі.
Осыған байланысты Үкіметтен Ұлттық Банкпен бірлесіп, бірқатар істі қолға алуы керектігі жөнінде ұсыныс айтты:
- Банктерде қаражаттың едәуір көлемі бар екеніне қарамастан, оның бизнеске ұзақ мерзімді несие беруге не себепті жеткілікті деңгейде бағытталмай отырғанын анықтау керек. Атап айтқанда, қазіргі кезде банктер үшін мемлекеттік қаржы құралдары мен бизнеске ұзақ мерзімді несие берудің тартымдылығын кірістілігі, мерзімі және тәуекелі бойынша салыстырып бағалау қажет.
- Мұндай жүйенің мемлекетке жалпы қанша шығын әкелетінін есептеу керек. Атап айтқанда, мемлекет өз қарыздарына қызмет көрсетуге қанша қаражат жұмсайтынын, бизнесті несиелеуді қолдауға қосымша қанша қаржы бөлетінін және осының бәріне байланысты қандай қаржылық тәуекелдерді өз мойнына алатынын анықтау қажет.
- Банктердің өз қаражаты мен өз тәуекелі есебінен бизнесті белсендірек несиелеуіне жағдай жасау үшін саясат пен заңнамаға қандай өзгерістер енгізу қажет екенін анықтау қажет. Ал мемлекеттік қолдау тек онсыз несие беру мүмкін болмайтын немесе нарықтық тетіктер жеткіліксіз болатын жағдайларда ғана көрсетілуі тиіс.