Тоқаев Маңғыстаудағы әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына көңіл айтты

Президент қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына қажетті көмек көрсетілетінін айтып, кінәлілер қатаң жазаланатынын мәлімдеді

Тоқаев Маңғыстаудағы әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына көңіл айтты
Фото: facebook.com/orynbasar.sejdov

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстауда әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына көңіл айту жеделхаттарын жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл туралы Жаңаөзен қаласы мәслихатының депутаты Орынбасар Сейдов мәлімдеді.

Қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасы басшыларына Президенттің жеделхаттарын Маңғыстау және Түркістан облыстарының әкімдері, ҚМДБ Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы және қоғам белсенділері табыстады. Жеделхаттарда Қасым-Жомарт Тоқаев қаза болғандардың туған-туыстарына қолдау білдіріп, оларға қажетті көмектің барлығы көрсетілетінін атап өткен. Сондай-ақ кінәлілер ең қатаң жазаға тартылатыны айтылған.

Жеделхаттарда қаза тапқан әскери қызметшілердің мемлекеттік наградаларға ұсынылатыны да ерекше атап өтілген.

Каспийдегі әскери оқу-жаттығу кезіндегі төтенше жағдай 

Еске салайық, 24 қыркүйек күні Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде 19 сарбазды теңіз алып кеткен. Өкінішке қарай, қазіргі сәтке дейін олардың 12-сі мерт болғаны белгілі. Үш сарбаз жағаға шығып үлгерген, оның біреуі ауруханаға түсті. 

Үкімет оқиға орнына вице-премьер Қанат Бозымбаевты жіберді. 

Сонымен қоса Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің тізімі жарияланды.

Кейін нақтыланған мәлімет бойынша, Маңғыстау облысында оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюінен теңізге 17 әскери қызметші кеткен. Олардың 12-сі қаза тауып, үшеуі құтқарылған. Тағы екі әскери қызметшінің денесі кейін табылып, қаза болғандардың жалпы саны 14-ке жетті.

ҚР Бас прокуратурасы Ақтау гарнизонында оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Жедел-тергеу тобы құрылып, қажетті сот сараптамалары тағайындалды. Тергеу барысы ерекше бақылауға алынды. Қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 453-бабының 2-бөлігі «Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау» және 465-бабы «Кеме жүргізу қағидаларын бұзу» бойынша қозғалды.

Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергеу жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды. Оған Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев төрағалық етті. Оған оқиға орнына барып, болған жағдайдың барлық мән-жайын анықтау жұмыстарын ұйымдастыру тапсырылды.

Қанат Бозымбаевтың төрағалығындағы комиссия мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіру үшін Маңғыстау облысына барды.

25 қыркүйекте Қазақстанда 24 қыркүйекте Маңғыстау облысындағы Каспий теңізінің жағалауында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде қаза тапқан әскери қызметшілерге байланысты жалпыұлттық аза тұту жарияланды.

Қазақстан Қорғаныс министрлігі 24 қыркүйекте Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің әскери қызметшілерінің тізімін жариялады.

Қанат Бозымбаев Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде 12 әскери қызметшінің қаза болуына байланысты мәлімдеме жасады.

Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Ғаджи Ғаджиев пен Шахмұрат Мүтәліп, сондай-ақ қазақстандық продюсер әрі кәсіпкер Алмас Жәли 24 қыркүйекте Маңғыстаудағы Каспий теңізінде әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына материалдық көмек көрсететінін мәлімдеді.

Түнгі іздеу жұмыстары барысында Каспий теңізінде жоғалған екі әскери қызметшінің денесі табылып, қаза болғандардың саны 14 адамға жетті.

Тергеу әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, оқу-жаттығуды ұйымдастыруға және құтқару жұмыстарына байланысты талаптарды бұзды деген күдікке ілінген лауазымды тұлғаларды анықтады.

Іс аясында Қорғаныс министрлігі жүйесінің бес лауазымды тұлғасы ұсталды. Олардың қатарында ҚР Қарулы күштері Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы, екі әскери бөлімнің командирі, теңіз жаяу әскерлері ротасының командирі және катер командирі бар.

Қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына көмек көрсету үшін арнайы қорға қажетті қаражат жиналды. Осыған байланысты қаражат жинау жұмысы аяқталды. Қор қаражатын қаза болғандардың отбасылары мен зардап шеккендерге ашық, атаулы әрі әділ бөлу үшін арнайы комиссия құрылды. Оған Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, Маңғыстау облысы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Бекмұрат Жүсіпов жетекшілік етеді.