Алматыдан Астанаға ұшатын рейс ұшудан бас тартқан жолаушыға байланысты кешіктірілді
Жолаушы ұшақтан өз бетінше шығып кеткеннен кейін барлық жүк қайта тексеріліп, рейс кешіктірілген
Алматыдан Астанаға ұшатын рейс жолаушының ұшудан бас тартуына байланысты кешіктірілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
FlyArystan әуе компаниясының Алматы – Астана бағытындағы рейсі ұшаққа отырған жолаушылардың бірі кенеттен ұшудан бас тартқаннан кейін кешіктірілген. Ер адам өз бетінше әуе кемесінен шығып, ұшу алаңындағы перронға барған.
Осыған байланысты ұшақтағы барлық жүк қайта түсіріліп, тексерілді. Ал жолаушылар ұшақтан шығып, қайтадан тексеруден өтуге мәжбүр болған.
Көліктегі полиция департаменті оқиғаны растады. Ведомствоның мәліметінше, 35 жастағы Астана тұрғыны анықтау үшін полиция бөліміне жеткізілген.
«Құқық бұзушы ҚР ӘҚБтК-нің бірден үш бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олар – қоғамдық орындарда мас күйінде пайда болу, ұшу қауіпсіздігі қағидаларын бұзу және ұсақ бұзақылық», – деп хабарлады полиция.
Департамент ұсталған адамның аты-жөнін жарияламады.
FlyArystan әуе компаниясының баспасөз қызметі де оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
«Алматы – Астана бағытындағы FS7337 рейсінің жолаушысы ұшудан бас тарту туралы шешім қабылдады. Авиациялық қауіпсіздік талаптарына сәйкес қайта тексеру жүргізілді. Қажетті рәсімдерге байланысты рейстің ұшуы кешіктірілді», – делінген компания хабарламасында.
Ал журналист Михаил Козачков өзінің Telegram-арнасында бұл жолаушы 2016 жылғы Рио Олимпиадасының бокс чемпионы Данияр Елеусінов болуы мүмкін екенін жазды.
«Мендегі ақпаратқа сәйкес, ұшудан бас тартқан жолаушы 2016 жылғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасының бокс чемпионы Данияр Елеусінов болған», – деп жазды журналист.
Козачковтың айтуынша, Қазақстанда рейстен бас тартқаны үшін қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілік қарастырылмаған. Алайда әуе компаниясы рейстің кешігуі мен қосымша тексеруге байланысты келтірілген шығынды жолаушыдан өндіріп алуға құқылы.
Еске салайық, шілде айында Елеусінов Астанада мас күйінде көлік жүргізіп, бірнеше көлікті соққан. Сот оны жүргізуші куәлігінен айырып, 20 тәулікке әкімшілік қамауға алған.