Жалпыұлттық аза тұту күні: Каспийдегі ауыр қазаның хронологиясы

Автор: Махан Миражан

17 адамның тек үшеуі ғана жағаға аман жеткен

Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Кеше, 24 қыркүйек күні Маңғыстау облысында Қазақстан Қарулы күштеріне қарайтын Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығу кезінде қайғылы жағдай болды. Алғашқы ресми ақпаратта 19 әскери қызметшінің суға кеткені айтылса, кейін Үкіметтік комиссия бұл мәліметті нақтылап, суға кеткендер саны 17 адам болғанын хабарлады. Олардың 14-і теңізге батып, қаза тапса, тек үшеуі ғана жағаға аман жеткен. Сондықтан, бүгін 25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық Аза тұту күні болып жарияланды. Azattyq Rýhy қайғылы оқиғаның хронологиясын ұсынады. 

24 қыркүйек, сағат 13:57

Қорғаныс министрлігі Каспийдегі апат туралы алғашқы ресми ақпарат жариялады. Алдын ала мәлімет бойынша, Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюінен 19 әскери қызметші теңізге кеткені айтылды. Оның тоғызы қаза болып, үшеуі аман деген ақпарат шықты. Қалған әскери қызметшілерді іздеу жұмыстары басталғаны хабарланды.

Оқиға орнына комиссия аттанды

Оқиғаның мән-жайын анықтап, іздестіру-құтқару жұмыстарына қатысу үшін Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов комиссия жинап, Маңғыстауға аттанды.

Қылмыстық іс қозғалды

Оқиғадан кейін Бас прокуратура әскери қызметшілердің қазасына байланысты тергеу басталғанын хабарлады. Ақтау гарнизонында жедел-тергеу тобы құрылып, оқиға орнында Ішкі істер министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі және прокуратура органдарының қызметкерлері жұмыс істеді. Кейін қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің қызметке салғырт қарау және кеме жүргізу қағидаларын бұзу баптары бойынша тергеліп жатқаны белгілі болды.

Оқиға орнынан алғашқы видеолар тарала бастады

Кәсіпкер әрі блогер Азамат Сәрсенбаев оқиға орнынан түсірген алғашқы видеолардың бірін жариялады. Бейнежазба әлеуметтік желіде тарап, қайғылы жағдайға қатысты қоғам назарын күшейтті.

Үкіметтік комиссия құрылды

Әскери қызметшілердің қаза болу себептерін анықтау үшін Үкіметтік комиссия құрылып, оған Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев төрағалық етті. Комиссия құрамына Қорғаныс министрлігінің, Маңғыстау облысы әкімдігінің, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау және Көлік министрліктерінің өкілдері, Бас әскери прокурор мен шекара қызметінің өкілдері кірді.

24 қыркүйек, сағат 16:00 шамасы

Теңізден тағы екі әскери қызметшінің денесі табылды. Қаза болғандар саны 11 адамға жетті.

Президент көңіл айтты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтып, олардың отбасыларына көмек көрсетуді тапсырды.

Әзербайжан көңіл айтты

Қазақстандағы қайғылы жағдайға байланысты алғашқылардың бірі болып Әзербайжан Сыртқы істер министрлігі көңіл айтты. Сонымен қатар оқиға орнына Ақтауда жұмыс істейтін әзербайжандық кәсіпкерлер келіп, құтқарушыларға тамақ пен су әкеліп, қолдау көрсеткен. 

25 қыркүйек – жалпыұлттық аза тұту күні

Президенттің өкімімен 25 қыркүйек Қазақстанда Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

24 қыркүйек, сағат 19:00 шамасы

Қанат Бозымбаев бастаған Үкіметтік комиссия оқиға орнына барып, іздестіру-құтқару жұмыстарын бақылауға алды. Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай да оқиға орнында жұмыс істеді.

Қаза тапқан 12 әскери қызметшінің аты-жөні жарияланды

Қорғаныс министрлігі қайғылы оқиға кезінде қаза болған 12 әскери қызметшінің жеке деректерін жариялады.

22:30. Үкіметтік комиссияның алғашқы отырысы өтті

Қанат Бозымбаев төрағалық еткен комиссия отырысында тергеу барысы және қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына көмек көрсету мәселесі талқыланды. 

25 қыркүйек, таңертең. 252 адам екі сарбазды іздеп жатты

Бүгін таңертең 252 әскери қызметші, 34 жерүсті техникасы, 37 сүңгуір, 14 катер мен төрт тікұшақ теңіз астына кеткен соңғы екі сарбаздың мүрдесін іздеп жатты. 

Ресей президенті көңіл айтты

Ресей президенті Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа Каспийдегі қайғылы жағдайға байланысты көңіл айтты. Кейін Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев пен Қырғызстан президенті Садыр Жапаров та көңіл айтты.

25 қыркүйек, таңғы сағат 09:15 шамасы. Соңғы екі әскери қызметшінің денесі табылды

Қорғаныс министрлігі теңізге кеткен соңғы екі әскери қызметшінің денесі табылғанын хабарлады. Осылайша іздеу-құтқару жұмыстары аяқталды. Қайғылы оқиға салдарынан қаза болғандардың жалпы саны 14 адам болды. Үш әскери қызметші аман қалған. 

Тергеу барысында жаңа деректер белгілі болды

Бас прокуратура әскери қызметшілердің қазасына қатысты тергеу аясында 30-дан астам адамнан жауап алынғанын және 12 сараптама тағайындалғанын хабарлады.

Аман қалған сарбаздың әкесі оқиға туралы айтып берді

Блогер Азамат Сәрсенбаев ауруханада жатқан сарбаз Ақжол Темірәлиевпен байланысты видео жариялады. Бейнежазбада сарбаздың әкесі қайғылы жағдай болған күні баласының айтқан сөздерін жеткізген. Оның сөзінше, Ақжол жарты сағат бойы суда досы Азаматты іздеген.

Бес әскери қызметші ұсталды

Үкіметтік комиссияның отырысынан кейін қайғылы оқиғаға қатысы бар деген күдікпен бес лауазымды тұлғаның қамалғаны белгілі болды. Олардың қатарында Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы, екі әскери бөлімнің командирі, теңіз жаяу әскерлері ротасының командирі және «Қайсар» катерінің командирі бар. Түстен кейін бірқатар БАҚ қолға түскендердің арасында ҚР Қарулы күштері Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының бірінші орынбасары Данияр Хайрушев бар деген ақпарат таратты.

Жағаға өзі жүзіп шықты...

Бүгін сондай-ақ Ақжайық басылымы Каспийдің жағасына өзі жүзіп шыққан сарбаз Бекет Мырзағалиевтің анасынан сұхбат алған. Қарлығаш Мырзағалиева ұлының жағаға өзі жүзіп шыққанын айтқан.