Ұлдана Мырзуан ісі: ТЖ қызметі оқиға орнына 11 минутта жеткен

Департамент қызметкерлері жедел жәрдемнен кейін келгенін растады

Ұлдана Мырзуан ісі: ТЖ қызметі оқиға орнына 11 минутта жеткен
Фото: Сот отырысынан скриншот

Ұлдана Мырзуан қаза болған іске қатысты сот отырысында Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері де куәлік берді. Сотта төтенше жағдай туралы шақыртудың қашан түскені және құтқарушылардың оқиға орнына жеткен уақыты айтылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Ризабек Дайыровтың айтуынша, шақырту сағат 10:29-да медициналық қызметтен түскен. Департамент қызметкерлері оқиға орнына 10:40-та жеткен.  

«Шақырту 10:29-да медициналық қызметтен келген. Департамент 10:40-та оқиға орнына жетті. Егер біз медицина қызметкерлерінен бұрын келген болсақ, аумақты қоршап, қауіп сейілгенше ешкімді кіргізбейтін едік. Бұл жолы жедел жәрдем қызметкерлері бізден бұрын барған», – деді Ризабек Даиров.

Департамент басшысының айтуынша, құтқарушылар келгеннен кейін шамамен 150 шаршы метр аумақтан құлаған құрылыс конструкцияларының қалдықтарын тазалаған. Бұл жұмыстар кейінгі екі күнге дейін жалғасқан.

Сотта Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментіне қарасты №9 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі Аян Кемпіров те жауап берді. Оның айтуынша, құтқарушылар келген кезде екі адамды қауіпсіз жерге шығарған. 

«Құтқарушылар келген кезде екі адамды алып шықтық. Олардың үстінде бір-екі кірпіш жатты. Оқиға орнында кондиционер де болды», – деді Аян Кемпіров.

Куәгер сотта сол күнгі оқиғадан кейінгі қызметтік жағдайына да тоқталды. Оның айтуынша, кейін өзінің қызметі төмендетілген, ал сол кезде бірге жұмыс істеген әріптестерінің бірі басқа қызметке ауысқан, тағы бірі өз еркімен жұмыстан кеткен.

Айта кетерлігі, 2025 жылғы 8 қарашада Астанада тоғыз қабатты тұрғын үйдің сыртқы қаптамасы құлап, бірнеше адам үйінді астында қалған болатын. Оқиға орнына алғашқы болып жеткендердің қатарында 23 жастағы жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуан да болды. Зардап шеккендерге көмек көрсету кезінде ғимараттан кондиционердің сыртқы блогы үзіліп түсіп, Ұлдана мен оның әріптесінің басына тиген. Сол қайғылы оқиға салдарынан жалпы бес адам түрлі жарақат алды.

Жас маман он күн бойы жансақтау бөлімінде өмір үшін арпалысты. Дәрігерлер қолдан келген ем-домның бәрін жасағанымен, 2025 жылғы 18 қарашада 23 жастағы Ұлдана Мырзуан қайтыс болды. Сол күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев оның ерлігін жоғары бағалап, марқұмды «Ерлігі үшін» медалімен марапаттау туралы шешім қабылдады.

Кейін Астанадағы медициналық колледждердің біріндегі оқу аудиториясына Ұлдана Мырзуанның есімі берілді. Бұл шешім оның қызметтік борышын өтеу кезінде көрсеткен жанқиярлығы мен кәсібіне адалдығына көрсетілген құрмет ретінде қабылданды.