ШҚО-да ер адам сүйіктісін өлтіріп, артынша өзіне қол жұмсаған

Қайғылы оқиға 23 тамыз күні Күршім ауылында болды

ШҚО-да ер адам сүйіктісін өлтіріп, артынша өзіне қол жұмсаған
Фото: istockphoto.com

ШҚО-ның Күршім ауылында 23 тамыз күні 31 жастағы әйел мен 36 жастағы ер адамның денесі табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Полицияның алдын ала мәліметінше, әйел алған дене жарақаттарынан қайтыс болған. ШҚО ПД мәліметінше, оған жарақатты мас күйінде болған бірге тұратын ер адамы салған. Осыдан кейін ер адам өзіне қол жұмсаған.

«23 тамызда Күршім ауылында дене жарақаттарын алған 31 жастағы әйел қайтыс болды. Алдын ала мәлімет бойынша, әйелге алкогольдік ішімдік ішкен бірге тұратын азаматы дене жарақаттарын салған. Оқиғадан кейін ер адам өзіне-өзі қол жұмсаған. Аталған факті бойынша Күршім аудандық полиция бөлімі қылмыстық істер қозғады. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», – делінген ШҚО ПД-ның агенттік тілшісіне берген пікірінде.

ҚР Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды.