Дін мен дәстүр сабақтастығы: Алматы мешіттерінде ұлттық құндылықтарға арналған викториналар өтіп жатыр
Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы мұндай жұмыстарда дін мен дәстүрдің арақатынасын дұрыс түсіндіруге мән берілетінін айтады
Мешіт туралы сөз болғанда, көпшілік алдымен құлшылық пен діни сауалды ойлайды. Дегенмен рухани ортадағы ағартушылық жұмыс мұнымен ғана шектелмейді. Адамның дүниетанымы оның дініне деген көзқарасымен қатар, отбасына, туған жеріне, тіліне, тарихына және қоғамдағы жауапкершілігіне деген ұстанымынан да қалыптасады. Осы тұрғыдан алғанда, мешіттерде діни тақырыптармен бірге ұлттық тарих, салт-дәстүр, тіл мен отбасы құндылықтарының сөз болуы рухани тәрбие аясын кеңейте түседі, деп жазады Azattyq Rýhy.
Алматыдағы бірқатар мешітте жыл басынан бері өтіп келе жатқан ұлттық құндылықтарға арналған викториналар – осы бағыттағы жұмыстың бір көрінісі. Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының қолдауымен «Жаухар» ұлттық салт-дәстүрді қолдау қоры» қоғамдық қоры ұйымдастырған жоба аясында 13 ірі мешітте 30 викторина өткізіліп, оған 10 мыңға жуық адам қатысты. Сұрақтар Қазақ хандығының құрылуы, ел қорғаған батырлар, Алаш қайраткерлері, қазақ тілі мен әдебиеті, мақал-мәтелдер және ұлттық салт-дәстүр секілді тақырыптарды қамтиды.
Мұндай кездесулердің ерекшелігі – викторина сұраққа дұрыс жауап берумен аяқталмайды. Тарихшылар мен дінтанушылар белгілі бір тақырыптың тарихи және рухани мәнін тарқатып, жұртшылықтың сауалына жауап береді. Мәселен, белгілі бір салттың шығу төркіні сөз болғанда, оның халықтың дүниетанымындағы орны мен діни түсініктермен үндесетін тұстарына да тоқталуға болады. Осылайша қарапайым сұрақтан басталған әңгіме ұлттық тарих пен бүгінгі қоғамның байланысына ойысады.
Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы мұндай жұмыстарда дін мен дәстүрдің арақатынасын дұрыс түсіндіруге мән берілетінін айтады.
«Діни ағартушылықты тек діни білім берумен шектеуге болмайды. Адамның рухани дүниесі оның туған тіліне, тарихына, салт-дәстүріне және отбасылық тәрбиесіне деген көзқарасымен де тығыз байланысты. Сондықтан мешіттердегі кездесулерде дін мен дәстүрдің тарихи сабақтастығына, ұлттық құндылықтардың қазіргі қоғамдағы орнына назар аударылады. Бұл ретте дін мен дәстүрді бір ұғымға айналдырмай, олардың өзіндік ерекшеліктерін дұрыс түсіндіру маңызды. Сонымен бірге діни тақырыптарды зайырлы мемлекет қағидаларымен және азаматтық жауапкершілікпен байланыстыра қарастыру қажет», — дейді Басқарма.
Қазақ қоғамында үлкенге құрмет, кішіге ізет, қонақжайлық, қайырымдылық, ағайынмен татулық секілді құндылықтар ғасырлар бойы қалыптасып, халықтың тұрмыс-тіршілігі мен рухани дүниесіне орнықты. Олардың бірқатары діни ұстанымдармен де үндесіп жатады. Бірақ ұлттық дәстүрдің барлығын діни талаппен теңестіру де, дінді дәстүрден мүлде бөлек қарастыру да мәселені біржақты түсіндіреді. Дін сенім мен рухани ұстанымға негізделсе, дәстүр халықтың тарихи тәжірибесі мен дүниетанымы арқылы қалыптасады. Екеуінің тоғысатын тұстарын ажырата білу осы құндылықтарды дұрыс қабылдауға мүмкіндік береді.
Викториналарда ұлттық тақырыптармен бірге Қазақстанның зайырлы мемлекет ретіндегі сипаты, азаматтардың құқықтары мен міндеттері, некені заңды тіркеу, отбасы құндылықтары, мемлекеттік рәміздерді құрметтеу және қоғам тыныштығын сақтау мәселелері де қозғалады. Мұның өзі діни сауатты құқықтық және азаматтық мәдениеттен бөлек қарастыруға болмайтынын көрсетеді. Әсіресе әлеуметтік желіде дінге, тарихқа және дәстүрге қатысты ақпарат көбейген қазіргі кезде мұндай түсіндірудің маңызы арта түспек.
Себебі желідегі әр ақпараттың сенімділігі бірдей емес, тарихи дерек бұрмалануы, діни ұғым үстірт түсіндіріліп, белгілі бір көзқарас жалғыз ақиқат ретінде ұсынылуы мүмкін. Сондықтан адамның діни біліммен бірге тарихи танымы мен ұлттық мәдениет туралы түсінігінің болуы ақпаратты саралап қабылдауына жол ашады.
13 мешітте өткен 30 викторинаға 10 мыңға жуық адамның қатысуы мұндай форматқа қызығушылық барын аңғартады. Оның мәні тек сұрақ-жауап ұйымдастыруда емес, діни ортада тарих, дәстүр, тіл және азаматтық құндылықтарды бір арнада талқылауға мүмкіндік беруінде. Дін мен дәстүрдің ара-жігін сақтай отырып, олардың тарихи сабақтастығын түсіндіру діни ағартушылықтың мазмұнын кеңейтіп, ұлттық танымның қалыптасуына да ықпал ете алады.