Атырау мұнай өңдеу зауытында өрт шықты (ВИДЕО)
Өрт сөндіруге 65 адам мен 19 бірлік техника жұмылдырылды
Атырау мұнай өңдеу зауытының аумағында өрт шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ҚР ТЖМ мәліметінше, сағат 12:55-те «112» пультіне Атырау мұнай өңдеу зауытының аумағында түтін шыққаны туралы хабарлама келіп түсті. Нысанның ерекшелігі ескеріле отырып, ТЖМ күштері мен құралдары жоғары шақыру дәрежесі бойынша оқиға орнына дереу жіберілді.
Өртті сөндіруге ТЖМ, «Семсер өрт сөндіруші», АТМА әуежайы және NCOC компаниясының өрт сөндіру-құтқару қызметінен шамамен 65 адам мен 19 бірлік техника жұмылдырылды. Оқиға орнында жедел штаб жұмыс істеп, тартылған барлық күштер мен құралдардың іс-қимылын үйлестіру ұйымдастырылды.
«Сағат 13:42-де өрт оқшауланып, оттың одан әрі таралуына жол берілмеді. Қазіргі уақытта өрт толығымен сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себептері анықталып жатыр. Жағдай бақылауда», – делінген ҚР ТЖМ хабарламасында.