Астанада өзге көлікті соғып, оқиға орнына қашып кеткен жүргізуші бір ай уақытын темір қапаста өткізетін болды
Оның осыған дейін де көлік жүргізу куәлігінен айырылғаны белгілі болды
Астанада жол-көлік оқиғасын жасап, оқиға орнынан қашып кеткен жүргізуші анықталды. Белгілі болғандай, осыған дейін көлік құралын басқару құқығынан 7 жыл мерзімге айырылған ер адам белгіленген тыйымды елемей, қайтадан Chery маркалы автокөліктің тізгініне отырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мәңгілік Ел көшесімен жүріп келе жатқан жүргізуші BYD автокөлігін соғып, кейін оқиға орнынан кетіп қалған.
Полиция қызметкерлері құқық бұзушыны анықтап, оны әкімшілік жауаптылыққа тартты.
«Сот шешімімен оған 30 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды. Полиция азаматтарды заң талаптарын қатаң сақтауға және өз өмірі мен жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне қатер төндірмеуге шақырады. Белгіленген шектеулерді елемеу қолданыстағы заңнамаға сәйкес қатаң жауапкершілікке әкеп соғады», – делінген ПД хабарламасында.