АҚШ ғалымдары қайта өңделген пластиктен печенье әзірлеп шығарды

Зерттеушілер пластик бөтелке өндіруде қолданылатын компонентті пайдаланады

АҚШ ғалымдары қайта өңделген пластиктен печенье әзірлеп шығарды
Фото: Rusty Bailey/SIUC Media & Communication Resources

АҚШ-тың Оңтүстік Иллинойс университетінің ғалымдары қайта өңделген пластиктен печенье жасап шығарды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі The Guardian басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

NASA қаржыландырып отырған бұл ерекше жоба, ең алдымен, болашақта ғарышқа жасалатын ұзақмерзімді экспедицияларға арналған.

Зерттеушілер пластик бөтелке өндіруде қолданылатын компонентті пайдаланады. Алдымен оны көміртекке бай молекулаларға дейін қайта өңдейді. Кейін арнайы өзгертілген ашытқылардың көмегімен бұл молекулалар ақуызға, майға және басқа да қоректік заттарға айналады. Алынған қоспадан 3D-принтердің көмегімен печенье жасалады.

Әзірге ғалымдардың өздері бұл өнімнің дәмін татып көрмеген. Себебі оны сынап көру үшін арнайы рұқсат қажет екен. Дегенмен олардың айтуынша, печенье хош иісі жағынан жоғары бағаланған.

«Қазір мұндай өнімді өндірудің құны бір килограмына шамамен 60 долларды құрайды. Алайда болашақта өндіріс шығынын төмендету жоспарланып отыр», – дейді ғалымдар.

Зерттеушілер бұл технологияның пайдасы ғарышпен ғана шектелмейтінін айтады. Мұндай тәсілмен азық-түлік өндіру суасты қайықтарында, табиғи апаттар болған аймақтарда, басқа да төтенше жағдайларда қолданылуы мүмкін.

Ғалымдардың пікірінше, болашақта бұл технология екі жаһандық мәселені қатар шешуге мүмкіндік береді. Біріншісі – пластик қалдықтарын қайта өңдеу болса, екіншісі – азық-түлік тапшылығын азайту.