Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев екі айға қамауға алынды
Ол бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді
Бұл туралы ақпаратты Нұр-Сұлтан қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
«3 тамыз күні Нұр-Сұлтан қаласының Мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Олжас Әбішевке қатысты екі ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады», - делінген елорда соты баспасөз қызметінің мәліметінде.
Еске сала кетейік, 2 тамызда Қаржы мониторинг комитетінің баспасөз қызметі Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішевтің ұсталғанын хабарлады.
Бүгін бюджет қаражатын жымқырды деген айып тағылған Олжас Әбішевке қатысты Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой пікір білдіріп, орынбасарының өткен аптада өз еркімен жұмыстан шығу туралы өтініш жазғанын және оның кінәсі дәлелденсе, қызметінен босатылатынын айтты.
Олжас Әбішев 2018 жылы Денсаулық сақтау вице-министрі болып тағайындалған еді. Ол цифрландыру және ақпараттық қауіпсіздік саласына жауап берді.