Respublica партиясы инклюзия мәселесін көтерді
Партияның күн тәртібінде бұл мәселе маңызды
Кеше Алматыдағы форумда ерекше әсер қалдырған сәттердің бірі - Қазақстан саңыраулар қоғамынан келген азаматтармен жүздесу болды. Бұл жайлы Respublica партиясының
мүшесі Екатерина Смолякова айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Олар форумды бізбен бірге тамашалап, партиямыздың бағдарламасымен танысты. Кеш бойы арнайы сурдоаудармашы қатарымызда болып, олардың іс-шараны толық түсініп, ортақ әңгімеден тыс қалмауына мүмкіндік жасады.
«Бұл - біз үшін бір күндік бастама емес. Біз инклюзия мәселесін көтеріп қана қоймай, оны өз жұмысымызда күнделікті тәжірибеге енгізіп келеміз. Әр өңірдегі форумымызда сурдоаудармашының болуын қамтамасыз ету - соның бір көрінісі. Форум соңында азаматтарымыз арнайы келіп, жүздесіп, естелікке суретке түсуді ұсынды. Осындай қарапайым әрі жылы сәттердің өзі атқарып жатқан жұмысымыздың қаншалықты маңызды екенін тағы бір сезіндірді. Әр азамат білім алуға, еңбек етуге, қоғамдық өмірге араласуға және өз ойын еркін жеткізуге бірдей мүмкіндік алуы тиіс. Сондықтан бұл мәселені біз тек форумдарда көтеріп қоймай, заңнамалық деңгейде де назарда ұстап келеміз. Қоғамдық ортада да ерекше қажеттілігі бар азаматтарға қолайлы жағдай жасау - ортақ міндет. Әр адамға мүмкіндік тең болғанда ғана қоғамның әлеуеті толық ашылады», - деді ол.