Ақмола облысында бір тәулікте үш адам құтқарылды: арасында шетелдіктер де бар

Олардың екеуі – шетел азаматтары

Ақмола облысында бір тәулікте үш адам құтқарылды: арасында шетелдіктер де бар
Фото: видеодан скриншот

Ақмола облысында бір тәулік ішінде үш адам құтқарылды. Олардың екеуі – шетел азаматтары, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алғашқы оқиға Атбасар ауданындағы Жабай өзенінде болған. 1989 жылы туған Әзербайжан азаматы суға кетіп, өз-өзіне қол жұмсамақ болған. Құтқарушылар ер адамды судан шығарып, полиция қызметкерлеріне тапсырды.

Тағы екі адам Бурабай ауданындағы Бөлектау тауында көмекке мұқтаж болған. 1985 жылы туған Ресей азаматы әйел мен 2002 жылы туған ер адам таудың басына көтерілгеннен кейін өздігінен төмен түсе алмаған.

Әйелдің аяғы жарақаттанған. Құтқарушылар оны арнайы зембілмен таудан түсіріп, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырды. Ал ер адам альпинистік құралдардың көмегімен төмен түсірілді. Оған медициналық көмек қажет болмаған.

Ақмола облысының ТЖД тұрғындарға тауға шығар алдында ауа райын, маршруттың күрделілігін және өз мүмкіндігін ескеруді ескертеді. Қауіпсіздік талаптарын сақтап, белгіленбеген бағыттарға шықпау және су айдындарында абай болу қажет.